Алматыда жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді

Алматы қаласында 2-ші желтоқсанда жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».    

Жаттығу сағат 11:00-де басталады. Бұл күні арнайы қондырғылардың көмегімен дабыл қағылып, теле және радиоарналарда хабарлама беріледі. Сондай-ақ «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тұрғындарға хат жіберіледі. Мамандар: «Алаңдауға еш негіз жоқ», - дейді. Алматы қаласы сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, жер сілкінісіне қарсы жаттығу жыл сайын жүргізіледі. Сондықтан әлеуметтік желідегі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады. Ал Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев: «Жыл соңына дейін Алматы аумағында қатты жер сілкіністері болмайды», - дейді. Сондай-ақ мамандар қалада ерте хабарлау жүйесінің 28 станциясы салынып жатқанын айтты. Бұл «Дәрмен» қосымшасы арқылы жер сілкінісі туралы жылдам әрі нақты хабар жеткізеді.

Ерлан Әлібеков, Қалалық ТЖД басшысының міндетін атқарушы:

- Жапон елінің тәжірибесіне сүйене отырып Алматы қласында жер сілкінісін алдын ала халыққа хабар ету жүйесін Алматы қаласында салып жатырмыз. Қазіргі кезде биылғы 1 этапын бітіреміз. Оның ішінде 11 сейсмостанция 2 диспетчерлік орындар және сервер кіретін болады. Іске қосқаннан кейін халық Алматының маңайындағы жер сілкінісін, осы өздерінің телефондарына хабарлама келіп тұратын болады.