Қызылордада Сеуіл техникалық университетінің филиалы ашылады

Өңірлік университеттердің білім сапасын көтеру шараларына ерекше көңіл бөлінбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы ретте, Қызылордада Сеуіл техникалық университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен барған Ғылым және жоғары білім минстрі Саясат Нұрбек тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Министр облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Қорқыт ата университетінің 85 жылдық мерейтойына арналған кездесулерге де қатысты.

85 жылдық тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті - мыңдаған кәсіби маман даярлаған қара шаңырақ. Олардың ел дамуында сүбелі үлесі бар. Ғылыми жаңалықтары да көп саланың түлеуіне түрткі болды. Жас ғалымдарды қолдау аясы одан әрі кеңейе бармек.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Келешекте бюджет есебінен қаржыландырылатын экономика салалары бойынша мамандық санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бюджеттен тыс қаржы есебінен университеттің инновациялық, инвестициялық жобалары компанияларға қажет ғылыми-техникалық жұмыстардың тиімді жүзеге асуына облыс басшылығы барынша атсалысатын болады.

Министр инженерлік бейіндегі зертхана жұмысымен танысып, жас ғалымдардың жетістіктерін бағамдады. Мұнан соң, тұрғындармен кездесті. Білім сапасын көтеру, гиннетика, селекция салары бойынша мамандар даярлау үшін халықаралық орталықтар ашу, су қауіпсіздігі секілді мәселелерге жауап берді.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім минстрі:

- Қазіргі таңда 3 жылдық Үкіметтің 3 жылдық су қауіпсіздігі бағдарламасы қабылданып жатыр. Соның негізінде бірнеше су саласына кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарын белгіледік. Қазір Қорқыт ата университеті де қарастырылмақ. Неге десеңіз? Су қауіпсіздігі қазіргі таңда Қазақстанның бүкіл экономикасына, әсіресе ауылшаруашылығына қатты әсерін тигізеді деген болжам бар. 

Саясат Нұрбек «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиынға да қатысып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін 85 жылдық мерейтойымен құттықтады.