Жетісу облысында блокты модульды мектеп салынды

Жетісу облысында алғаш рет блокты модульды мектеп салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Панфилов ауданының Бөрібай би ауылындағы білім ордасын мердігер мекеме өз қаражатына тұрғызды. Дайын ғимаратты енді құрылыс басқармасы сатып алмақ. Шалғайдағы елдімекен халқының өзекті мәселесін біздің арна тілшілері көтеріп, жаңа нысанның салынуына ықпал еткен еді.

Бөрібай би ауылының оқушылары 1937 жылы тұрғызылған мектепте оқып жатыр. Білім ордасының жанынан жапсарлас ғимарат салынғанымен оның өзі талапқа сай емес. Спортзал, асхана деген атымен жоқ.

Жанат Үсенбекова, Ә.Бөкейханов атындағы мектеп мұғалімі:

- Біздің қатарластарымыз осы мектепте оқыды. Бізден үлкен аға буындарымыз оқыды. Біздің балаларымыз оқыды. Енді немерелеріміз оқып жатыр. Әлі ешқандай ештеңе жаңарған жоқ. Бір сөзбен айтқанда мектеп түгелдей ескі. Сондықтан бізге заман талабына сай жаңа мектеп ауадай қажет.

Осылай деп арна тілшілері көтерген проблеманы әкімдіктегілер басты назарға алды. Сөйтіп өткен жазда ғимарат құрылысы қолға алынды. Блокты модульды білім ордасы алты айда тұрғызылды. Қазір мектеп ішін жабдықтау әрі бояу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дайын болған сыныптарды ұстаздар қабылдап ала бастады.

Айнұр Түйебаева, Ә.Бөкейханов атындағы мектеп директорының орынбасары:

- Бастауыш кабинеттері толықтай қабылданды. Оның ішінде математика тіл әдебиеттері орыс тілі, бастауыштағы ағылшын тілі, жаратылыстану кабинеттері қабылданып жатыр. Заттар өзі кезең кезеңмен келіп жатыр. келген уақытта пән мұғалімдер өзіне қажетті құралдарды көріп, тоққа қосып қабылдап алып жатырмыз.

Мектеп құны 1 млрд 400 млн теңгеден асады. Қазір оны мемлекет меншігіне сатып алу ісі жүргізіліп жатыр.

Дәурен Тұрғанбаев, облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл 2021 жылы «Жұмыспен қамту жол картасымен» салынған. Биылғы жылы аяқтауға республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. 15-не дейін мердігер мекемеден толығымен қабылдап алынған соң құрылыс басқармасынан білім басқармасына берілетін болады.

Бөрібай би аулында жүзден астам оқушы бар. Олар жаңа жылдан бастап қазіргі заманға сай ғимаратта білім алады.