Еңбекші ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Алматы облысы Еңбекші ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр. Көгілдір отынға да қосыла алмай келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».     

Мәселе кейінгі жылдары салынған алпыс үй төңірегінде.

Ауылдық, аудандық әкімдіктің табалдырығын тоздырған жұрт өз күштерімен электр желісін тартып, су жүргізіп, қара жолдың бетіне тас төсеп алыпты. Енді көшені асфальттап, көгілдір отын тартуға келгенде жауаптылар жауапсыздық танытып келеді, - дейді

Талғар ауданына қарасты Еңбекші ауылының аумағы да Алматы маңындағы өзге елді мекендер секілді кейінгі жылдары үлкейіп келеді. 5 жыл бұрын жүзден астам жер телімі сатылып, бүгінге дейін 60-тан аса үй бой көтеріпті. «Ауыл тұрғындары инфрақұрылым мәселесін осы күнге дейін өз күштерімен шешіп келеміз», - дейді.

Нұртай Мекебаев, Еңбекші ауылының тұрғыны:

- Жауынды кезде машина жүре алмайды, жолда қалады машинаның бәрі. Анау мектеп жақта қалады машинаның бәрі. Жаяу келеді бәрі мына жаққа. Мектепке балалар бара алмайды, батпақ. Көктемде белшемізден батпақ. Қыста ғана кішкене білінбей тұр. 

Қадыржан Сәрсенов, Еңбекші ауылының тұрғыны
- Әр үйден 10 мың теңгеден жинап, 604 мың теңгеге 600 метрге балласт жол салдық. Шамамыз келгенше. Одан кейін мына қысқа-қысқа көшелер ғой, өздерінің көшелеріне әр үйден 30 мың теңгеден жинап жақында балласт тас төкті. 

Ауыл адамдары базынасын айтып аудан әкімдігіне бірнеше рет барған. Олар болса: «Келесі жылы бюджеттен ақша бөлінеді, жасаймыз», - деген құр уәде беріп келіпті. Бүгін тұрғындармен кездесуге келген округ әкімі: «Ендігі жылы бастап, 2025 жылы бітіреміз», - деген уәдесін айтты. 

Алмас Өмірзақов, Талғар ауданы Кеңдала Ауылдық округінің әкімі:
- Су қазылатын болғандықтан бұл жерлерде біз екі жылға әзірге асфальтқа қоспаймыз түгел ауылды. Алдағы 2023 жылға ешқандай асфальтқа ақша бөлінбейді. Тек балласт, ПГС тас себу соған ғана ақша алып жатырмыз қазіргі уақытта.

Ауылдық округ әкімінің айтуынша, көгілдір отынға жеке компания жауапты. Бірақ олар да іске кірісетін емес. Одан бөлек бір көшені ауыл жанындағы күре жолға қосу бойынша жер телімдеріне қатысты мәселе кедергі болғандықтан, жоба уақытша тоқтап тұр екен. .