Тоқаев: Жер ауыл халқының негізгі табыс көзі

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерді дамыту мәселесіне де тоқталды.

Мемлекет басшысы арнайы тұжырымдама әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойғанын айтып, елді мекендерді өркендетудің тың тәсілдері керек екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, ауыл жұртының көпшілігінде жер үлесі бар. Бірақ игілігін көре алмай отыр. Биыл елде астық мол шықты. Алайда өнімділігі төмен. Бұл салада заманауи технологияны қолдану қажет. Шаруаларды осыған ынталандыру керек. Тоқаев "Жайлы мектеп", "Ауылдық денсаулық сақтау", негізгі инвестициялар сияқты аса маңызды жобалардың орындалу барысын қадағалайтын Президенттің жобалық офисі өз жұмысын бастағанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жер ауылдағы тұрғындардың негізгі табыс көзі. Өкінішке орай, елді мекендердің төңірегінде жайылым жетіспейді. Шамамен 8,8 млн гектар жер тапшы. Менің тапсырмаммен 5,2 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл негізінен жайылымдық жерлер. Енді Үкімет облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жерді бөліп-тарату үшін мониторинг картасын әзірлеуге тиіс. Сол арқылы жайылымдық жерге мұқтаж ауыл халқының жағдайын жасаймыз. Жалпы бармақбасты, көзқысты дегенді мүлдем доғару қажет. Өзара ымыраласқан астыртын шешім қабылдауға болмайды. Жекелеген шаруашылықтардың емес, ауыл тұрғындарының мүддесі бірінші орында тұруға тиіс.