Қостанайда пәтер ішінде құбырдың жарылуынан таудай мұз қатты

Қостанайда осындай салғырттықпен салынған жаңа үйден ақау шықты.

Баспана мемлекеттік бағдарлама бойынша берілмек болған. Алайда пәтердің ішінде құбыр жарылып, мұздан тау пайда болды. Қалалық әкімдік мұндай олқылық әлі қолданысқа берілмеген баспанада болғанын айтады. Жаңа үйдің құбыры неге жарылды? Сапаға кім жауапты? Әріптесім Данияр Сұлтанұлы жалғастырады.

Үшінші қабаттан екінші қабатқа су ағып, мұз еденнен төбеге дейін қатып қалған. Қонай шағын ауданындағы пәтерде осындай коммуналдық апат тіркелді. Мұз бір пәтердің екі бөлмесін басқан. Қалған баспаналар дін аман.

Ержан Сүндетов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталмағандықтан тиянақты тексерілмеген. Сол Маевск крандары. Жылу берген кезде қысымнан істен шыққан. Қалпына келтіру жұмыстары 13 желтоқсанға дейін толық аяқталады.

Бір қызығы, ақау мердігер есебінен ретке келтірілмейді. Нысанға жауапты қарағандылық мекеменің басы дауға айналғандықтан әкімдік олармен келісімді үзуге мәжбүр болған. Қазір жаңа мердігер анықталып жатыр. Ал үйдің техникалық жағдайын уақытша қадағалау міндеті күзет компаниясына жүктелген. 

Ержан Сүндетов, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі: 

- Екінші және үшінші үйлердің құрылысы «Марал» ЖШС жүргізілген. Қазір бұл шарттар міндеттемелерді орындамау бойынша бір тәртіппен бұзылған. Сот шешімімен жауапсыз тізіміне енгізілген. 33 және 20 миллион көлемінде айыппұл алынған.

Апат орнына қызмет көрсетуші ұйым бүгін түстен кейін әзер келді. Олар пәтердегі ақауды жөндеу бойынша акт жасаумен ғана шектелді.  

Тимур Бурьян, жөндеу бригадасының бас инженері:

- Апат күрделі емес. Жылу батареялары жарылған. Жөндеу жұмыстарына таң сәріде кірісеміз. Төбедегі және едендегі мұзды жарып, судың бәрін сүртіп аламыз. Апаттың салдары үйдің жағдайына теріс әсерін тигізбейді.

Жалпы мұз басқан үй былтыр шілде айында қолданысқа берілуі тиіс еді. Биыл мерзімі тағы шегерілді. Тұрғындар келер жылдың жазында пәтерлерге қол жеткізеді деген жоспар бар. 

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қонай осыдан екі жыл бұрын бой көтерген жаңа тұрғын үй кешені. Сол уақыттан бері мұнда құрылыс тоқтап тұр. Ал тұрғындар пәтер кезегін күтумен әлек. 2020 жылдан бері мұнда 19 үй салынса, соның екеуінде ғана адамдар тұрып жатыр. 

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг