Алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санаты көбейді

Келер жылдан бастап олар қылмыстық істердің тағы 13 түрі бойынша үкім шығара алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тиісті заң жобасын сенаторлар мақұлдады. Ал 2024 жылдан бастап алқабилерге 45 құрам бойынша іс қарауға рұқсат беріледі. Олар адамды азаптау, рейдерлік, көлік құралын басқарғанда абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы сынды істерде төрелік етеді.

Бұл туралы Сенатта Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов мәлімдеді. Алқабилер педофилияға, терроризмге және экстремизмге байланысты істерді қарамайды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, алқабилердің қатысуымен жүргізілген сот процестері бойынша ақтау үкімдерінің саны едәуір жоғары.