Ел бойынша ЖЭО ревизия жасалды

Елдегі 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Нәтижесінде 19 орталық жағдайы нашар, деп хабарлайды «Хабар 24».

11-і орташа және 7-еуі қанағаттанарлық күйде екені анықталды. Ел бойынша Жылу электр орталықтарының тозу деңгейі орташа 66%. Ең ескілері Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында. Оларда жылу беру нысандарының тозуы 80 проценттен асқан. Бұған дейін Президент саланы жіті тексеруді тапсырған еді. Үкіметтің жоспары қандай?

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. Екі айдың ішінде екі бердей ірі апат болды. Тексерулер басталды. Өңірлерлегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Баспасөз бен әлеуметтік желілердегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар.

Апат болған Риддер мен Екібастұздан өзге, Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларындағы жылу беру жүйелерінде қауіпті жағдайлар орын алды. Шынайы ахуалды жасырған тұлғалар жауапқа тартылады. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Барлық жылу желілері қысыммен тексеруден өткен. Қалай болғанда да, құжатта солай көрсетілген. Тексеру жүргізген жауапты лауазымды тұлғалардың қолы да қойылған. Екібастұз жылу желісінде аса ірі апат болды. Оның себебін энергетикалық қадағалау комитеті мен құқық қорғау органдары тексеруде.

Елдегі жылу энергетикалық орталықтардың 76%-і жарты ғасырдан астам жұмыс істеп тұр. Өткен жылы ондағы апаттар 5%-ке артқан. Келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталады. 98 қазандық, 54 турбина жаңартылады.

Болат Ақшолақов ҚР Энергетика министрі:

- Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, реконструкциялау жүргізу көлемі айқындалды. Алдын ала деректер бойынша, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Бұл есеп Бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді. Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды.

Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу беру нысан ел қазынасы есебінен жөнделмек. жеке меншіктегі 22 орталықты иесі өзі жөндеуге тиіс. Кейбір жылу электр орталықтарын мемлекет меншігіне қайтару мәселесі қарастырылады.

Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Екібастұз жылу электр орталығының меншік иесі оны мемлекетке 1 теңгеге қайтарғысы келді. Бірақ біз нысанды қандай күйде қайтаратынын білуіміз қажет. Барлық қаражат қағазда көрсетілгендей дәл осы жылу орталығына жұмсалды ма әлде ысырап болды ма? Мұқият аудит жүргізілген соң, қайтару жөнінде шешім қабылданады.

Тексеру нәтижелері келер жылдың 1-тоқсанында шығады. Саланы реттеу үшін жыл сайын 400 млрд теңгеге дейін инвестиция тартылады. Нарыққа қатысушының әрқайсысына міндеттеме жүктеледі.

Болат Ақшолақов ҚР Энергетика министрі:

- 2023-жылы «Инвестиция орнына тариф» жаңа бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталуда. Электр станцияларына инвестицияларды қамтамасыз ету қолданыстағы резервтерді ең жылдам және тиімді түрде тартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялауға, жаңғыртуға және кеңейтуге, сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруға және 2035 жылға қарай өндіруші қуаттардың тозуын 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Роман Скляр өңірлерде жылу желілерінің құбыры 40 жыл бойы жаңартылмаған учаскелер барын айтты. Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-тен асқан 1600 шақырым жылу желілері ауыстырылады. Одан кейін 4 мың километрге жуық желілер жаңартылады. Аталған шаралардың тұрғындарға арналған тарифтерге әсер етпеуі бақылауда болады.