Екібастұзда 2 мыңдай оқушы қашықтан оқуға мәжбүр

Екібастұзда 2 мыңдай оқушы қашықтан оқуға мәжбүр. Өйткені кеншілер шаһарындағы кейбір мектептерде жылумен қамту  көрсеткіші әзірге талапқа сай келмейді.

Қазір оларда  жылу параметрлерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қалған  мектептерде оқу үрдісі желтоқсанның 19-нан басталды. Қазір Екібастұзда жағдай тұрақталған. 26 мектептің тек 4-де ғана оқушылар онлайн форматта оқып жатыр. Ал балабақшалар 100 процент іске қосылды. Қалада кең ауқымды коммуналдық апаттың салдары жойылу үстінде. Естеріңізге сала кетсек, екі аптаға жуық үш бірдей шағын аудан жылусыз қалған болатын. Әсіресе қаланың дәл ортасында күрделі жағдай қалыптасты. Көпқабатты 17 үй орталық жылу жүйесін ажырап қалды. Жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып, әлеуметтік нысандар жұмысын тоқтатты.

Сұлушаш Ибраева, білім беру бөлімі басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.   

- Төрт мектепте температуралық режимге сәйкес келмегендіктен бүгінгі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Екі мыңға жуық бала қазіргі таңда дистанциондық форматта оқып жатыр. Бір -екі күнде бұл мәселе шешіледі. 26 балабақшаның ішінде барлық балабақшалар бүгінгі таңда жұмыс атқаруда. Барлық жерде температуралық режим сақталған.