Атырауда борышкерлерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Атырауда борышкерлерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Азаматтарды жұмыспен қамту орталығы мен әділет департаменті бірлесіп ұйымдастырған іс-шараға 19 жұмыс беруші қатысып, 481 вакансия ұсынды.

Мекемелерге әсіресе сылақшы, монтаждаушы, көлік жүргізушілері керек екен. 3 айдан бері алимент төлемеген атыраулықтар жұмыспен қамту орталығына тіркелу арқылы жұмыс таба алады. Іс шараға алимент берешегі бар тұрғындардың 15% ғана қатысты.

Майра Батырқайырова, облыстық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:

- Әрбір сот шешімі шыққаннан кейін оны орындауға міндетті. Борышкерлер өзінің кәмелетке толмаған балаларын асырап, бағуға міндетті. Сол жаңағы сот шешімін орындау барысында кәмелетке толмаған балалардың құқығы қорғалады. Жәрмеңкеге тіркелу үшін біз борышкерге қолына ескерту қағазын береміз. Жұмыспен қамту орталығына келіп тіркелу керек. Егер тіркелмеген жағдайда оларға біз әкімшілік жауапкершілік қаралғанын ескертіп айтамыз.