СҚО-да кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асып жатыр

2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба Солтүстік Қазақстан облысында сәтті жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының арқасында әсіресе ауыл азаматтары өз істерін аша бастады. Солардың бірі- Приишимка  ауылында тұратын Анастасия Шульц.  Ол жолдасы екеуі  мемлекеттен несие алып, қазір қой шаруашылығын жандандырып отыр.

Мал өсірсең -қой өсір, өнімі оның көл көсір. Солтүстік Қазақстанда тұратын Шульц отбасы осы қағиданы ұстанады. Ол үшін тіпті облыс орталығынан Приишимка ауылына арнайы қоныс аударған. Яғни Агралық несие корпорациясынан жеңілдетілген несие рәсімдеп, үш миллион теңгеге 60 бас асыл тұқымды еділбай қойын сатып алыпты. Алдысы төлдей бастады.  

Анастасия  мемлекет қолдауына екінші мәрте жүгініп отыр. Осыған дейін жолдасы екеуі ірі қара ұстаса, енді Шопан ата төлін өсіруді қолға алды. Болашақта олардың санын арттыруды жоспарлап отыр. 

Анастасия Шульц, кәсіпкер:

- Еділбай қойлары суыққа, ыстыққа да төзімді. Күтімді аса қажет етпейді. Оның үстіне олар етті, әрі жүнді де молынан береді. Сондықтан осы ұсақ малды таңдадық. Әрине өз күшімізбен бұл істі бастай алмас едік. Қарызды бір жылдан кейін қайтара бастаймыз. Жалпы жолдасым қалада сот жүйесінде, ал мен сауда –саттықта еңбек еттім. Ауылға көшіп келгенімізге еш өкінбейміз.

Аграрлық несие корпорациясының  Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2,6 миллиард теңге қаражат бағыттап отыр. Қазірдің өзінде 940 миллион теңгеге 140-тан астам адамның жобасы мақұлданған.   

Гнел Арзуманян, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

- Негізінен несиелер жеңілдікпен жеті жылға дейін беріледі. Жылдық сыйақы үстемесі 6%, ал тиімді сыйақы үстемесі 6%-дан жоғары. Яғни кәсібін ашқылары келетіндер -7,5 миллион, ал зәкірлік кооперация  қатысушыларына – 24 миллион теңгеге дейін қарыз беріледі.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков