Шымкентте күмәнді тендер тоқтар емес

Бір кабинетті жабдықтау құны 446 миллион 400 мың теңге.

Шымкентте мектептердің бірі қыруар қаржыға тендер жариялапты. Күмәнді мемлекеттік сатып алу конкурсын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері анықтаған. Агенттік қызметкерлері жыл басынан бері өзге де ұйымдарға қазына қаржысын тиімді жұмсау туралы біршама ұсыныс хат жолдаған. Нәтижесінде қала бюджетінен 1 миллиард 632 миллион теңге үнемделді. Сондай-ақ қоғамдық кеңес жанындағы комиссиясының кезекті отырысында мониторинг нәтижелері жарияланды. Тексеру кезінде жыл басынан бері 30 мемлекеттік сатып алу конкурсы негізсіз тоқтатылғаны анықталған. 35 миллиард теңгеге жуық қаржыға су құбырларын жүргізу мен электр желілерін тарту, автожол құрылысы мен мектеп, тұрғын үй салу көзделген. Бірақ сотқа конкурстық рәсімдерді тоқтату туралы хабарланбаған. Мамандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін  цифрландыруды жетілдіріп, автоматтандыру жүйесін кеңейту керек деп есептейді.

Асқар Айтымбетов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық департаментінің бас маманы:

- Статистикаға сүйенсек, 2019-2022 жылдар кезеңінде тапсырыс берушілермен сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың әрекеттеріне 11 мыңға жуық шағым берілген. Олардың 53%-ы мемлекеттік сатып алу басқармасына бағытталған.