Биыл мемлекеттік адвокаттардың әрекеттеріне қатысты 12 шағым түсті

Биыл әділет органдарына мемлекеттік адвокаттардың әрекеттеріне қатысты 12 шағым түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде 3 қорғаушы адвокаттар алқасынан шығарылды, тағы үшеуіне ескерту, сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілік шарасы қолданылды. Сондай-ақ конституциялық сотқа жүгінудің тәртібі мен шарттары белгілі болды. Оның ішінде әрбір өтінішке тіркелген сәттен бастап үш ай уақыт беріледі. Бірақ ол үшін құқық бұзылғаны туралы дәлелдері бар барлық қажетті құжаттар ұсынуы тиіс. Деректерді тексергеннен кейін істі алдын ала қарау тағайындалады.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:

- Өздеріңіз білетіндей, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда Конституциялық сот жұмыс істей бастайды. Ағымдағы жылдың 5 қарашасында Конституциялық Сот туралы Конституциялық заң қабылданды, оған сәйкес конституциялық іс жүргізуде адвокаттар мен заң консультанттары азаматтардың өтініштерін қарау кезінде өкіл бола алады.