Биыл Қазақстанда адамды құл ретінде пайдаланудың 80 дерегі тіркелді

Биыл Қазақстанда еңбек құлдығына қатысты 80 жағдай тіркелген.

Оның 20-сы бойынша ғана қылмыстық іс қозғалды. Ал еңбек құлдығының құрбандарына арналған 14 оңалту орталығы жұмыс істейді. Онда жәбірленушілер психолог, дәрігер мен заңгердің көмегіне жүгіне алады.

Константин Крчан ағынды суларды тазарту кәсіпорнында 8 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде кәріз құбырларын химиялық қоспаның көмегімен тазартқан. Алайда жұмысқа арнайы киім берілген емес, жағдай жасалған емес дейді азамат. Бүгінде соның зардабын тартып отырмын деген  57 жастағы азамат тері обырына шалдыққан. 

Константин Крчан, Қарағанды облысының тұрғыны:

- Менің баспанам болмай, жұмыста тұрдым.  Кәсіпорында ауа нашар. Онда жұмысшыларға жағдай жасалмаған. Соның салдарынан, бетімде жара пайда болды. Ол асқынып, көзім де ашылмай қалды. Көзім көрмей, жұмыста әрең жүрдім. Басшылықтан менің бұл ауруды қайдан және қалай жұқтырып алғанымда сұрасам, олар жауап бермей отыр. Бұл сенің проблемаң, өзің емдел дейді.

Константин Крчан улы газдардан зиян шеккенім аздай, еңбекақымды да ала алмадым дейді. Ай сайынғы жалақысы 50 мың теңге. Басшылық айлықтың орнына тамақ және баспанамен қамтыған. Ал, кетіп қалуға барар жер, басар тауы жоқ. Қаражаты мен төлқұжаты да болмаған. Амалдың жоқтығынан заңсыз еңбекке көндіккен.

Анна Рыль, "Қорғау Астана" қорының төрағасы:

- Бұл  кәсіпорында екі адам жұмыс істеді. Біреуі белгісіз себептермен қайтыс болыпты. Ол да жалақы мен медициналық көмек алмаған. Кәсіпорынның басшысы оның жұмысқа жарамсыз екенін айтып, еңбекақысын бермеген. Мен бұл мәселені көтеріп, оларға хабарласқанымда жерлеу рәсімін өтедім деп отыр. 

Мамандар еңбек дауына азаматтардың құқықтық сауатсыздығы себеп дейді. Жәбірленушілер азға қанағат етіп, өз жағдайын жасауға енжарлық танытады. 

Анна Поздеева, психолог:

- Олар екі негізгі себеп бойынша арыз жазбайды. Біріншіден, олар өздерін үнемі кінәлі сезінеді. Екіншіден, олар барлығынан әп-сәтте айырылып қалудан қорқады. Әдетте зорлық-зомбылық көрген адамдар өз-өзін қорғай алмайды.

Жұмысшы өз құқығын қорғау үшін алдымен ұжым­дық және еңбек келісім­шартын мұқият зерделегені абзал. Қиын жағдайға тап болғанда арызданатын ұйым бар екенін білу қажет. Істі сотқа дейін жеткізбеген жөн.

Наргиз Бекмағанбетова, Серик Конырбаев