Елімізде биыл төтенше жағдай көп болды

Елімізде де биыл төтенше жағдай көп болды. Жыл басында қызыл сумен күрестік.

Жыл аяқталар тұста қызыл жалынмен арпалыстық. Әсіресе Қостанай облысындағы қарағайлы алқапты шарпыған өрт салдарын халық әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқ. Қаншама адам баспанасынан айырылды. Қаншама орман күлге айналды. Ал сарышұнақ аязда жылу желісі істен шығып, суықта қалған Екібастұз туралы айтпасқа тағы болмайды.

Көктемдегі қызыл су, жаздағы қуаңшылық. Жыл сайынғы көрініс биыл да қаз-қалпында қайталанды. Наурыз-сәуір айларында еліміздің батысы мен орталық аймақтарын қар суы әбден әбігерге салды. 

Роллан Есмағанбетов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:

- Ең күрделі жағдай Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарында орын алды. Ол облыстарда 204 тұрғын үй, 104 саяжай және 2 нысан су астында қалды. Адамдардың өлімі орын алған жоқ. Жағдай тұрақты түрде бақылауда болды. 

Әсіресе Батыс Қазақстан өңіріне оңай тиген жоқ. Төрт бірдей ауданда төтенше жағдай жарияланды. 200 бас мал қырылды, бірнеше әлеуметтік нысан су астында қалды. Кейін комиссия апаттан бір жарым миллиард теңге залал келгенін есептеді. Бүлінген мүлікті жөндеуге мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. 

Ал бұл кадрлар дүйім жұртты дүрліктірген алапат апаттан үзінді. Қыркүйек айында өңірлердегі бірқатар өрт сөндіру бөлімі Қостанай облысына жұмылдырылды. Басаман және Семиозерный орман шаруашылығында қызыл жалын шамамен 40 мың гектар аумақты шарпыды. Мамандар алапат апатпен 1 апта бойы арпалысты. Елді мекендерде күлге айналған үйлердің саны 100-ден асты. 12 адам жарақат алып, 1 адам қайтыс болды.

Тілеуберді Мәдиев, ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті басқармасы бастығының орынбасары:

- Қостанай облысы әкімдігінің шешімімен ағымдағы жылдың 5 қыркүйегінде Әулиекөл және Қарасу аудандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланды. Өртті сөндіруге қатысқан күштер мен құралдардың жалпы саны 2 мыңға жуық адамды және 2 мың бірліктен астам техниканы құрады. Қазіргі таңда өрт салдары толықтай жойылған. Адамдарға үй салынып қолданысқа берілген.

Осы төтенше жағдайдан кейін орман қауіпсіздігі мәселесі май шаммен қаралды. Өткен аптада болған Үкімет отырысында орманшылардың жалақысын 2 есе өсіру керек деді Сенат депутаты Айгүл Қапбарова. 

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазіргі таңда орманшылардың орташа жалақысы 100 мың тг, ал орман өрт сөндірушілерінің жалақысы 60 мың тг көлемінде. Орманға қауіп төндіретін өртті сөндіру ең алдымен орманшының міндетіне жатады. Төтенше жағдайлар күші әдетте үлкен өртке айналған жағдайда көмекке келеді. Ал көмек келгенше өрттің таралмауын ұстап тұруға орманшылардың қолда бар материалдық-техникалық базалары мен адам саны жетіспейді. 

Мұз құрсанған Екібастұз

Ал 1 ай бұрын Павлодар облысындағы Екібастұз қаласы қақаған қыста жылусыз қалып, бүтін бір шаһардың тұрғындары үйлерінде бүрсең қақты. Жергілікті жылу электр станцияларында бірнеше қазандық агрегаты істен шығып, ыстық су тоқтады. Ауа температурасы -32 градусқа дейін төмендеп, аяз қаһарына мінген кез еді.

Қаһарман Оразалин, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:

- Төтенше жағдайлар министрлігінен Екібастұз қаласына 152 адам, 40 бірлік техника жұмылдырылды. Біздің құтқарушылар мен әскери бөлім қызметкерлері 85 ауыл учаскелерінде күндіз-түні жұмыс істеді. 600 адамға көмек көрсетіліп, тамақтандырып, полигон-кухня қойылды. Адамдарға қажетті мүліктер жеткізілді. Пештер, радиаторлар, төсек-орын.

Өңірде төтенше жағдай жарияланды. Кейін қаладағы жылу жүйелерінің 92 пайызы тозғаны белгілі болды. Әбден ескірген құбырлар қатты аязға шыдас бермеген. Ауқымды жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. Қаржының жартысы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. 

Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов