Жаңа жыл қарсаңында Қарағында облысына қарасты Ақтоғай ауданында мал іздеуге шыққан шопан жоғалып кетті.
Ер азамат кешкі сағат тоғыз шамасында қыстақтан шығып, қайта оралмаған. Оны «Іздеу-құтқару» тобы қыстақтан 10 шақырым жерден тапты. Белгілі болғандай, қойшы ауа-райының қолайсыздығы салдарынан бағытынан айырылған екен. Сондай-ақ дәл осы ауданда тағы бір құтқару операциясы жүргізілді. Түнгі сағат бір шамасында Тораңғылық ауылынан оңтүстік бағытта көлікпен шыққан 2 балықшы жоғалды. Оларды іздеуге Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылды. Сағат түнгі 03:30 шамасында құтқарушылар жоғалғандарды Балқаш көлінің жағалауынан 26 шақырым жерден тапқан. Екі жағдайда да медициналық көмек қажет болмады. Бұл тұрғыда Төтеншеліктер ауа-райының нашарлауы кезінде ұзақ қашықтыққа сапарлар мен серуендерді шектеу қажеттігін ескертті.
