Жаңатасқа табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Жаңатасқа жылу мен жарық әлі толық берілген жоқ.

Жиырма мыңнан астам тұрғын жарықсыз қалды. Жауаптылар бір тәулік ішінде жағдайды қалыпқа келтіреміз -деп отыр. Ауа-райының қолайсыздығынан аудан орталығында біраз нысанға зақым келді. Қазір штаб құрылып, шығындар есептеліп жатыр. 

Үзілген электр желілері, сұлап түскен ағаштар мен қар басқан көшелер. Бұл Жаңатастың қазіргі кейпі. Қатты желдің салдарынан 70 -тен аса электр бағанасы құлап, жылыту қазандықтары істен шықты. Шаһардағы 97 көпқабатты үйдің тұрғындары жылусыз қалды.

Мейрамкүл Отарбаева, Жаңатас қаласының тұрғыны:

- Үйде су жарық газымыз да біткен. 6 балмен үйде отырмын тоңып. Үйде түнде ұйықтау невозможно. Ана кішкендай 10 айлық балам отдышкамен демала алмай жатыр. Сол связь да жоқ соткаға. Связ болса хотя бы мынау больницадан скорый шақыратын.

Хадиша Маханова, Жаңатас қаласының тұрғыны:
Үйде майда балалар бар, кішкентай балалар бар не қылатынымызды білмейміз.

Жарық сөнгедіктен наубайханалар да жұмысын тоқтатқан. Жергілікті билік ас атасын Тараздан тасуда. Түске дейін 7 мың бөлке жеткізілді. Тағы 15 мың нан мен 10 мың балауыз алып келу жоспарланған. Ал ауыз су таңертең мен кешкісін екі сағатқа ғана беріледі. Жалпы  527 нысан жылу мен жарықсыз қалды.

Сарысуда соққан жойқын желдің салдарынан 5 әлеуметтік нысан шатырсыз қалды. Оның ішінде аудандық арухана, қазпошта бөлімшесі, мектептер мен мына тұрған аудан әкімдігінің ғимараты да бар. Сонымен қатар орталық саябақтағы ұзындығы 21 метр болатын мына ту тұғыры конструкциясы да құлап жатыр. Қазір жергілікті билік қиранды қалдықтарын жинастыру үстінде.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Сарысу ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Полицейлер мен құтқарушылар аудан жолдарында қалып қойған 61 жолаушыны құтқарды. Жалпы облыс бойынша желден зардап шеккен 7 адам ауруханаға түсті. Қалыптасқан жағдайға байланысты Сарысудағы аудандық аурухана жұмысын тоқтатты. Ондағы жағдайы орташа науқастар, жақын ауылдағы стационарға орналастырылды.

Жанар Оспанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Жүкті әйелдерімізбен хирургиялық және жедел жәрдемді талап ететін науқастарымыз, Талас ауданындағы ауруханадан, аудандық ауруханалардан 40 төсек орны бөлініп сол жаққа тасымалдануда.

Сарысу ауданында 700 шақырым электр желісі болса, оның 60% ескірген. Қазір энергетиктер үзілген сымдарды жалғап жатыр. «Жауапталар тәулік ішінде қаланы жылуға қосамыз», - деп уәде берді.

Құдайберген Қорғанбаев, облыстық Энергетика басқармасының басшысы:

- КЕГОК АҚ бізге ақпарат келіп түсті. Жалпы мынау 220  киловольтты  жоғары кернеулі подстанциясына электр энергиясы берілді. Қазіргі таңда ішкі желілер мен электр энергиясын тарататын  мекемесі мен қосу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте Жаңатас қаласының орталық қазандығын  электр энергисымен қамтамасыз ету міндеттелген. 3-4 сағатта қазандыққа электр энергиясын беру жоспары бар.

Аудандық қазандыққа электр энергиясын жеткізу үшін 14 бригада жұмыс істеп жатыр. Оларға Тараздан қосымша 10 бригада көмекке шыққан. Ал қираған нысандарды жөндеуге 8 құрылыс компаниясы кіріспек.