Талдықорғанда жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік көрсету дерегі бойынша іс қозғалды

Талдықорғанда жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік көрсету оқиғасы бойынша әкімшілік іс қозғалды.

Естеріңізде болса, кеше Самал ауданындағы пәтерлердің бірінде кәмелетке толмаған үш қыз құрбыларына қол-аяғын жұмсап, оңдырмай сабаған. Сұмдық жағдай әлеуметтік желілерде тарады. Белгілі болғандай, оқушылар әр түрлі мектепте оқиды. Жанжал телефонның жоғалуына байланысты туындаған көрінеді.  Жасөспірімнің бірі дене жарақатын алды. Жәбірленуші мен оның жақындары құқық қорғау органдарына шағым түсірмеген. Алайда әлеуметтік желіге жарияланған бейнежазбаға байланысты полицейлер іс қозғады. Ал жергілікті білім басқармасындағылар арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Олар оқушылар білім алып жатқан мектептерді тексереді. Зардап шегушіге психологиялық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, күш көрсеткен қыздардың да мәселесі жіті қаралады.

Меруерт Морякова, облыстық ПД ресми өкілі:

- ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-те прим бір бабында көзделген әкімшілік іс қозғалды. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары 127-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылуда. Сонымен қатар ұрып соғуға қатысты материалдар әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді.

Әлишер Башаров, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Білім басқармасы тарапынан, құқық қорғау органдары тарапынан және де білім сапасын қамтамассыз ету департаменті өкілінен комиссия құрылды. Жасөспірімдердің оқу орындарында тәрбие жұмысын тексереді. Бүгінгі күні жәбірленуші қызға психололгиялық көмек көрсетілуде және де бейнероликте көрсетілген қыздарды ары қарай оқыту мәселесі қаралатын болады. Бұл жағдай қысқы демалыс кезінде сабақтан тыс кезде болған жағдай. Осы комиссияның қорытындысына сәйкес жауапты мамандар жауапкершілікке тартылады.