Павлодарлық орманшылар жабайы аңдар мен жануарларды қолдан қоректендіре бастады

Өңірде толассыз жауған қардан кейін күн күрт жылынып кеткен еді. Артынан қатты аяздар басталды. Осының салдарынан Ертістің жайылмасы толық мұзға айналған. Қолайсыз ауа райында орман жануарлары азық  таппай қиналады. Сол себепті орманшылар қазір арнайы жасалған бекеттерге жем-шөп тасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Қанат Бағжанов, орманшы:

- Қардың үстін қабыршық мұз басқан. Аяз сынбай, жағдай тұрақталмайды. Біз бұл күндері жем-шөпті үзбей жеткізіп отырамыз.

Табиғат жанашырлары жабайы жануарларды қамқорлыққа алатын кез келді деп отыр. Қаңтардың саршұнақ аяздарында ашығып қалса, көктемге жете алмай қалады. Оның ішінде еліктерге ерекше қамқорлық керек.

Қанат Бағжанов, орманшы:

- Біздің орманшылық қалаға жақын орналасқан. Қоян көп. Бұл жерге бұлан, елік кейде қабандар кіреді.

Әр  орманшылық жаз айларында жем-шөп дайындаумен айналысады. Ағаш бұтақтарынан сыпырғыштарды жасап кептіреді. Сөйтіп көктемге дейін жететін қор жинайды. Жануарлар жем-азықпен қатар алаңқайларға тұз жеуге  келеді екен.

Қанат Бағжанов, орманшы:

- Жануарлар тұзды жақсы көреді. Тұз олар үшін балмұздақ, басқа да тәттілер  сияқты жеңсік ас деуге болады. Ал сәбізді тұрғындар әкеледі. Орманға демалуға келгендер бидай кейде нан-тоқаштарды да қалдырып кетеді. Бұл дұрыс емес. Жануарларды үркітіп алулары  мүмкін.

Қарлығаш  Қасиетова, тілші:

- Ертістің қойнауында жабайы аңдар мен жануарлардың саны артқан. Әсіресе еліктер жиі көзге түседі. Орманшылардың айтуынша, олар адамдардан қорықпайды. Бірақ та дәл осы кезеңде тыныштық керек екен. Өйткені  еліктердің төлдейтін кезі келе жатыр.

Бүгінгі таңда Павлодардың маңайында еліктердің саны 500-ге жуықтапты. 50 шақты қабан бар. Бұрын соңды бұл өңірде кездеспеген тіршілік иелері басқа жақтан ауып келген көрінеді.

Аждар Жүсіпов, облыстық жануарлар әлемі және орманды қорғау басқармасының жетекшісі:

- Біз 78 жем шашатын орын мен 78 тұз салатын науаны 6 орманшылыққа бөлдік. Жабайы жануарларды қоректендіру қаңтар айында басталады. Демалушыларға табиғатты  қорғаңыздар деймін. Тұрмыстық қалдықтарды  көп қалдырады. От жаққанда да абай болса екен дейміз.

Орманшылар өткен күзде  жеті аққу мен оннан аса бүркітті құтқарды. Жаралы құстар шағын зообақта тұрып кейін табиғи ортаға жіберіледі. Қиын жағдайға тап болған құстар мен аңдар туралы әдетте жергілікті тұрғындар хабарлайды. Бүгінде адамдардың табиғатқа көзқарасы өзгерген. Соңғы жылдары броконьерлік әрекеттер тыйылған. Ағымдағы жыл орманшылар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Табиғат қорғаушылардың жалақысы 45%-ке өскен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.