13 қаңтар Сенат сайлауының алдындағы тыныштық күні

Бүгін Парламент Сенатының депутаттарын сайлау алдындағы «тыныштық күні».

Кандидаттардың үгіт жұмыстары кеше аяқталды. Облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру күніне дайын. Сайлау бюллетеньдеріне енген 55 үміткердің қаншасы Жоғарғы Палатаның депутаты мандатын иеленеді? Жалпы, Сенат неше пайызға жаңаруы мүмкін? 

20 өңірдің мәслихат депутаттары жасырын дауыс беру арқылы 20 сенаторды сайлайды. Тізімдегі 55 кандидатты партиялар мен қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы ұсынды. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев  1 орынға 3 кандидаттан келуі бәсекелестіктің барын білдіретінін айтты. 30 пайызы әйел болуы да құптарлық үрдіс, деді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- 20 сенатор негізінен жаңа адамдар болады деп айтуға толық негіз бар. Бұл енді жаңғырудың белгісі. Қоғамда жаңа адамдарға деген сұраныс бар. Сондықтан осы 20 адам негізінен ол жаңадан сенатқа парламентке келіп жатқан адамдар болады. Президентіміздің квотасы 15-тен 10-ға дейін қысқаратын болады. Сол 10 адамның ішінде 5-еуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен тағайындалады.

Мәулен Әшімбаев жоғарғы палатаға барлық өңірден өкілдер келуінің маңыздылығына тоқталды. Себебі олар әрбір аймақтың жергілікті деңгейдегі өзекті мәселелерінен хабардар. Палата спикері сенаторлар өңір тұрғындарының мүддесі үшін жұмыс істейтінін баса айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Біз палата депутаттары болып осы мәселелердің шешу жолдарын қарастырамыз. Сенаттың құндылығы осында. Аймақтарда проблемалар жетерлік. Екібастұз, Қаратау, Жаңатаста қандай апатты жағдайлар болғанын білеміз. Электр, байланыс желілері, жылу орталықтарының мәселелері бар. Ал осы өңірлерден келген адамдар жергілікті деңгейдегі ерекшеліктермен етене таныс.

Сенат депутаттығына үміткердің жасы 30-дан асқан болуы тиіс. Жоғары білімі, кемі 5 жыл жұмыс өтілі бар, соңғы 10 жылда ел аумағында және 3 жыл тиісті өңірде тұрақты тұруы міндетті. Үміткер 50%-тен аса дауыс жинауы қажет.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Республика бойынша таңдаушылар тізіміне 3168 мәслихат  депутаты енгізілді. Олардың едәуір басым бөлігі Түркістан облысынан 317 және Қостанай облысында 263 таңдаушы. Сайлау туралы конституциялық заңның 34б 4т сәйкес Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру 1 күннің ішінде өткізіледі. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.

Сонымен 14 қаңтар күні республиканың барлық өңірінде Астана уақытымен таңғы сағат 10-да учаскелер ашылып, 11-00 де дауыс беру рәсімі басталады. Сайлау қорытындысы 20 қаңтарға дейін жарияланады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі 6 жыл. Олардың жартысы 3 жыл сайын қайта сайланып отырады. 

Рухани Асқар, Марат Диханбаев