Қыс басталғалы елімізде газдан улану дерегі көбейді

Қыс басталғалы елімізде газбен жылытылатын құрылғыларды дұрыс пайдаланбау салдарынан 13 адам көз жұмған.

Шымкентте улы газдан бүтіндей бір отбасы зардап шексе, жетісулық тұрғын ажал құшты.  Оралда бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. Қайғылы оқиғалар қатты отынмен жанатын пеш пен  газбен жылытылатын үйлерде техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан болады.

- Газдан уланып жатқан үлкен кісілер, балалар естіп жатырмыз ғой телевизордан қарап отрмыз ғой бәрін де. Машинадан да уланып жатыр. просто салақтық...

Оралдық Құрманғазы Бисенғалиев мынадай құрылғыны 5 жыл бұрын орнатыпты. Аппарат кінәратсыз жұмыс істейді. Үйіміз жылы, ұйқымыз тыныш. Улы газ шықса лезде дабыл қағып, белгі береді. Дегенмен, темірдің аты темір. Сондықтан, жиі тексертіп тұрған артық етпейді, дейді ол.   

Құрманғазы Бисенғалиев, қала тұрғыны:

- Оқиға болды, шиқылдады, сосын мастер соны шақырып алдық та қаратып, мынау ашылады былай қарай, салдырып алдық. Сол аман қалдық.  Егер ол болмағанда енді газ жарылады ғой, газ шығып кетеді ғой. Кетеді сосын, фшшт! Жарылыс болады содан кейін. Мына аппарат жақсы негізі, жақсы ұйықтаймыз, тыныш отырамыз.   

Сақтансаң – сақтармын деген. Әсіресе жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын күшейткен жөн. Газ қондырғыларын пайдалану ережесін елемеудің соңы жақсылыққа апармайды, дейді мамандар.  

Шыңғыс Бекетов, БҚО ТЖД Басқармасының аға инженері:

- 10 қаңтар күні қалалық көпсалалы ауруханасына екі адам түскен болатын, ауыр дәрежедегі улы газбен уланып.  Оқиға орнын тексеру кезінде улы газбен улану себебі ол жылыту қазандығының ақаулығы табылды. Яғни гофраның түтін құбырының қосылған жерінен газ шығып тұрып сол себепті уланып қалды. 

Үйдегі жылу жүйесінің жабдықтары әркез талапқа сай болуы тиіс. Бұған Шымкентте тұратын Еңсебаевтар отбасының оқиғасы дәлел. Улы газдың ауаға таралуынан бір әулеттегі алты адам ажал құша жаздады. Ақау жуынатын бөлмедегі газ қондырғысынан шыққан. Дәрігерлер дер кезінде жетпегенде жағдай мүлде басқаша болуы мүмкін еді. Оқыс оқиғадан сабақ алған отбасы жылыту құрылғысының маңына арнайы дабыл жүйесін орнатып, сақтық шараларын күшейткен.

Гүлайым Еңсебаева, қала тұрғыны:

- Біз әлсіреп, есімізді жоғалттық. Жедел жәрдем қызметкерлері келіп, денсаулығымызды тексергеннен кейін ғана иісті газға уланғанымызды түсіндік. Өз аяғымызбен жүруден қалдық. Бізді арнайы зембілге  салып үйден шығарды.  

Дәл осыған ұқсас жағдай Жетісу облысында да тіркелді. Өкінішке қарай, газдан уланған екі адамның бірі көз жұмды. Жарақат алған екінші науқас Талдықорғанда емделіп жатыр. Былтырғы жылыту маусымы кезінде 8 аймақ тұрғыны иіс тиіп қайтыс болды. Қайғылы жағдайларды болдырмаудың бір жолы улы газды анықтайтын құрылғы орнату.   

Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Көп жағдайда улы газға улану себептері қатты отын мен және газ қондырғыларымен жылытылатын пеште қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. ТЖМ қызметкерлерімен қазіргі таңда 23 717 улы газ анықтайтын датчик орнатылды. Қазіргі таңда 4 датчиктың іске қогсылуынан 23 адам құтқарылды. 

Апат айтып келмейді. Оқыс жағдайдан опық жемес үшін зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсете білу де маңызды. Алда-жалда иіс тиіп уланған науқастар Оралдағы қалалық аурухананың дәл осы бөлмесіне жедел жеткізіледі.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Енді бұл жерге жеткізілген науқастың жағдайы  білікті дәрігерлердің қадағалауында болатыны әрине түсінікті. Ал бірақ сол иіс тиіп уланған жағдайда дәрігер келгенге дейінгі көмек қалай көрсетіледі? Айжанар Нұрболатқызы, біз дәрігер келгенше біз қалай көмектесуіміз керек иіс тиген адамға?

Айжанар Қисанова, қалалық көп бейінді аурухананың терапевт дәрігері:

-  Науқасты ең бастысы келіп жатқан улы токсиндерді дереу тоқтатуымыз керек. Ол үшін науқасты таза ауаға шығаруымыз керек. Түртіп есі бар ма жоқ па соны анықтаймыз. Тыныс алып жатыр ма, пульсі бар ма жоқ па? Егер жауап берсе есі бар. жауап бермеген жағдайда есі жоқ. Сосын қараймыз, бозарып кетсе, көпіршік шығып аузынан судорога болып жатқан кезде басын бір жанына бұруға тырысамыз. Ең бастысы жедел жәрдемге хабарласқан кезде науқастың жағдайын дұрыс түсіндіріп айту керек. Жедел көмек келу үшін.   

Жылыту маусымы басталғалы еліміздің тұрғын үй секторында 2 мыңнан аса өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 101 адам қаза болды. Қыс қаһарына енді мінді. Күн суытқан кезде өрт қаупі де ұлғая түседі. Ал қателікке жол берудің соңы орны толмас өкінішке ұрындырады.  Сондықтан сақтық шараларын естен шығармаған жөн, дейді мамандар.

Талғат Серікқалиұлы