Іле Алатауының бөктеріне 17 сейсмикалық станция орнатылады

Алматыда жер сілкіну ықтималдығы жоғары болғандықтан қала тұрғындарының қауіпсіздігі ерекше назарда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан Іле Алатауының бөктеріне жаңа сейсмикалық бекеттер орнатылып жатыр. Осы уақытқа дейін 11 станция қойылған. Тағы 17-сі биыл орнатылады. Олардың барлығы Darmen мобильді қосымшасымен үйлестіріледі. Мамандардың айтуынша, автоматты жүйе жер дүмпуі туралы маңызды хабарды қас-қағым сәтте беруге қауқарлы екен.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Медеу шатқалында орналасқан 200 метрлік үңгірдің ішіндегі сейсмикалық құрылғылар 40 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Соның бірі кварцтық деформограф. Бұл жер қыртысының қозғалысын тұрақты бақылап отыруға арналған. Одан кейін сейсмикалық құрылғылар 500 шақырым жердегі жер сілкісін дәлме-дәл көрсетеді.

Медеу бекетіндегі ескі сейсмикалық құрылғылар жүрісінен жаңылмағанымен, технологиялық тұрғыда ескірген. Мысалы, жер сілкінісін дер кезінде сезгенімен, оны өңдеп, халыққа хабар беру белгілі бір уақыт алады екен. Ал былтырдан бері орнатыла бастаған швейцариялық құрылғылар табиғат апаты туралы ақпаратты автоматты түрде таратады.

Алмат Жаныспаев, қалалық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:

- Жер сілкінісінен дер кезінде хабар беретін 28 автоматтандырылған сейсмикалық бекет шілде айында толық орнатылады. Сейсмология институтында және Төтенше жағдайлар департаментінде автоматтандырылған 2 жұмыс орны болады. 28 станциядан алынған мәлімет лезде осы мекемелердегі орталық серверге түседі. Сонымен бірге, Darmen мобильді қосымшасы арқылы халыққа хабар береді.

Жедел ақпарат беру станциясының ішінде тербеліс хабаршысы, мәліметтерді сақтайтын спутниктік модем бар. Қатты жер сілкінісі кезінде айналасындағының барлығы бүлінгенімен, аппарат біраз уақыт жұмыс істей береді. Өйткені станция күн энергиясынан қуат алып, оны сақтайтын аккумулятормен жабдықталған. Ал мобильді қосымшаның дәстүрлі SMS хабарламадан айырмашылығы – жылдамдығында. Тегін қосымшаны бүгінге дейін 100 мыңнан астам адам телефонға жүктеп үлгерген.

Әлтайыр Уызбаев, Darmen жобасының атқарушы директоры:

- Бұл мобильді қосымша – Алматы әкімдігі мен ТЖМ ортақ жобасы. Сейсмикалық бекеттерден келген ақпарат орталықтағы компьютер арқылы автоматты түрде Darmen қосымшасына жіберіледі. Ұялы телефонында осы қосымшасы бар тұрғындар бар болғаны бірнеше секундта хабар алады. Ал SMS хабарлама оператор арқылы жазылып, халыққа жетуі үшін бірнеше минут уақыт кетеді.  

Кеген ауданындағы Көлсайдан бастап Жамбыл ауданындағы Дегерес ауылына дейін 11 сейсмикалық бекет орнатылған. Шілдеге дейін тағы 17 құрылғы қойылып біткен соң барлығы іске қосылады. Ауқымды жобаның жалпы құны – 1,2 миллиард теңге.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон.