Биыл Қазақстан елге келетін шетелдіктерден 2,5 млрд теңге туристік жарна жинамақ

Бұл туралы бүгін Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша бұл қаражат туристік инфрақұрылымды жақсартып, елді жарнамалауға жұмсалады. Әр өңір туристік алым мөлшерін өз қалауы бойынша орнатады. Ол қонақ үйлердегі тәуліктік төлемнің кем дегенде 1%-ін құрауы тиіс. Бірақ мөлшерлеме 5%-тен аспайды.

Айта кетерлігі, бұл өзгеріс заңға 2021 жылы енгізілген. Алайда пандемия кесірінен оны жүзеге асыру тек биылдан бастап қолға алынды. Құжат әзірлеушілерінің пайымдауынша, аталмыш төлем шетелдік туристер санының азаюына әкеп соқтырмайды. Өйткені бұл сома орташа есеппен алғанда 2-3-ақ долларды құрайды.

Ержан Еркінбаев, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

- Біз 2023 жылы Қазақстанға 1 млн турист келеді деп жоспарлап отырмыз. Олардың әрқайсысы қонақ үйде кемінде 3 күн жатады. Бізде 4 мыңға жуық отель бар. Сонда жиналатын туристік жарна сомасы 2,5 млрд теңгеге жетіп қалуы тиіс. Бұл ақша бір компанияның қолында шоғырланбайды. Қаражат әр өңірдегі әкімдіктің бюджетіне түседі. Оның қайда жұмсалатыны жайлы шешімді жергілікті мәслихат депутаттары қабылдайды.