Қарағандыда жас құтқарушылар марапатталды

Қарағандыда 8-ші және 9-шы сыныпта оқитын ағайынды балалар өрт шыққан үйдегі 2 зейнеткерді аман алып қалды.

Осы ісі үшін бүгін олар төтенше жағдайлар министрінің «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталып, оқу-ағарту министрінің алғыс хаты табысталды.

Оқиға Қарағанды маңындағы жер үйлердің бірінде болған. Көрші зейнеткердің ауласындағы қарды күреуге көмектесіп жатқан балаларды үй иесі көмек шақырған. Оқиға орнына ойланбастан барған 14 және 15 жастағы ұлдардың бірі қос қарияны қауіпсіз жерге шығарып, артынша қармен өртенген жерді сөндіре бастайды. Енді бірі өрт сөндірушілер мен көршілерді көмекке шақырады. Осы кезде көрші үйдің тұрғыны Түсіпов Руслан есімді азамат та өртті өшіруге қолғабыс етеді. Аз уақытта өрт сөндірушілер де келіп, қызыл жалынды толық сөндірді. Кейін белгілі болғандай, тұрғын үйге жалғанған қазандық тұтанып, соның салдарынан жиһазы, тұрмыстық техника мен үйдің ішкі ағаш қаптамалары және төбесі жанған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Бүгін қос батыр білім алатын мектепке облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен білім басқармасының мамандары арнайы барып, Қанат пен Ерасылға және оның анасына министрлер берген медаль мен алғыс хаттарды және сый-сияпаттарын табыстады.

Қанат Смағұлов,  № 12 ЖББ мектептің 8-ші сынып оқушысы:

- Мектепте волонтерлық жоба бар, қарттарға көмектесу, жауапкершілік туралы, біз соған қатысып, қарттарға көмектесеміз. Сол күні біз сол үйге қар күреуге барғанбыз  10 минут қар күргенсоң апа жүгіріп шықты, көмектесіңдер, жанып жатырмыз деп. Біз крышадан секіріп, қолымызға күрек алып, қармен өртті сөндіргенбіз. Пештің қасында 5 литрлік бөтелке жанған, сосын киім жанған, сосын пештің қасында тағы бірдеңе жанып жатты.

Нұрлан Бекбосынов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Қазір жастар төтенше жағдай көрсе бірінші смартфон алып, соны соть сетьке салуға асығады. Бұл жерде шыны керек жас батыр деуге болады, өйткені олар телефонға жүгірмей, үлкен қайғының алдын алып, адамдарды құтқарып алды.