Қарағандылық ақсақал ұзақ жасаудың сырын ашты

Ол: "Ғұмырлы болудың негізгі құпиясы – салауатты өмір салтын ұстану", - дейді. 88 жастағы қария шаңғы мен коньки тебеді, волейбол мен футбол ойнайды және негізгі ісі ғылыми педагогиканы зерттейді. 

88 жастағы Әлімжан Телғарин шаңғыдан университет ішілік дәстүрлі жарыстың ең егде тартқан қатысушысы. Осыған қарамастан ол аптасына 3 мәрте шаңғы теуіп, сағатына 5 шақырым қашықтықты оңай еңсереді. Ал ректор кубогы үшін болған жарыста ақсақал үздіктер қатарында келген. Спортшы қарт өзінен кейінгі көптеген ұстаздар мен студенттерге үлгі. 

Айтбай Жұмағұлов, доцент, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

- Әлімжан ағамыз мен қызмет еткен 30 жылда бірде бірлет жарыстан қалған емес. Өз жасы арасында үнемі бірінші орын алады. Осы жастағы ақсақалдар шаңғы теппек түгілі есік алдына шығудан қорқады. Ал біздің ардақ тұтатын ағамыз аяғында шаңғы қашанда ел алдында жүреді. 

Спорттағы жетістіктеріне қарамастан қазыналы қарт тарихты бірінші орынға қояды. Саналы ғұмырын тарих саласына арнағанына да өкінген емес. Керсінше «мені спортқа тарих жетелеп әкелді», - дейді қалжыңдап. Әлімжан ақсақал - жүздеген ғылыми жұмыстың да авторы.

Әлімжан Телғарин,  тарих ғылымдарының докторы, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

- Менің негізгі мамандығым – Чехославакия тарихы. Ол елде мен 1 жыл ғылыми тағлымдамадан өттім. Сол кезде 1965-66-шы жылдары аталған мемлекеттің спортакиадасына қатыстым. Содан бері шаңғы тебу, шахмат, волейбол ойнау менің сүйікті ісіме айналды. Осы аталған спорттың түрлерінен көрсеткен нәтижелерім қашанда жоғары болды.

Бұдан өзге ғылым иесі коньки теуіп, футболда ойнайды. Шахматтан ел бойынша бірнеше дүркін чемпион атанған. Интелектуалды ойында ондаған стратегияны еркін пайдаланады. Сондықтан қарсылас шақ келтірмейді екен. Оны әріптестері де мақтан тұтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Зарина Зұлпыхар