Солтүстіктің шалғай ауылдарында медициналық мекемелерге жөндеу жасалады

Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 17 медициналық мекеме жөнделеді.

Бұл мақсатқа 1,2 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. Жобалардың басым бөлігі әсіресе шалғайда орналасқан елді мекендерде жүзеге асады деген жоспар бар.

370 орынға шақталған облыстық көпбейінді балалар ауруханасы осыдан 40 жыл бұрын бой көтерген. Жарты ғасырға жуық тарихы бар нысанға жылда жөндеу жүргізіледі. Мәселен былтыр мекеменің толығымен қасбеті жаңаланды. Енді 146 миллион теңгеге ғимараттың шатыры ауыстырылып, вакцина қоймасы қайта қалыпқа келтірілмек. Жұмыстар сәтін салса, жылыту маусымы аяқталған соң басталады деп күтілуде.  

Нұрлан Айманов, облыстық көп бейінді балалар ауруханасының директоры:

- Вакцина-склад бізде ескірген. Текущий ремонт жасап тұрамыз. Бірақ жалпы капитальный ремонт жағдайына келдік. Екінші мәселе, ол мына больницамыздың шатырын жөндеуге -60 миллион бөлінген. Больница салғаннан бері 1983 жылдан бастап біз текущий ремонт жасап тұрғанбыз. 

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 515 медициналық мекеме бар. Олардың басым бөлігі ескірген. Сондықтан алдағы уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында елді мекендерде 46 нысанның  құрылысы басталады. Сондай-ақ биыл 17 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 

Нұрболат Иманжанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл мақсатқа 1,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алдыңғы жылдармен салыстыратын болсақ, бұл 4-5 есеге дейін көп. Жалпы 17 жобаның үшеуі «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында қайта қалыпқа келтірілетін болады. 

Осылайша ескірген медициналық мекемелер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай етіп жөнделеді. Мұнымен қоса облыс орталығында жыл соңына дейін екі жаңа емхана пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков