Бесқарағайда қазақы жылқының жаңа түрі пайда болды

Бесқарағайда қазақы жылқының «Бесқарағай» дейтін жаңа түрі пайда болды.

«Шойынқара» мен «Байторы» аталған қыл құйрықтылардың кәдімгі аттан тұрқы биік. Соған сай етті әрі сүтті. Жаздың аптабына да, қыстың қақаған аязына да шыдайды. Мініске де, жеккенге де төзімді.

Ерназар ауылының тумасы Хабидулла Мукинов 1993 жылдан бері жылқы шаруашылығымен шұғылданып келеді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын азамат қазақ жылқысын асылдандыруды сол кезден бері армандаған. Сан жылғы сарсаң, төгілген тер, еткен еңбек еш кетпеді. Өткен жылы «Бесқарағай» деген атауға ие жылқы тұқымына патент алды. 

Хабидулла Мукинов, асыл тұқымды жылқы зауытының жетекшісі:

- Тарихқа қарап отырсақ, жылқы қазақ жерінде үйретілген. Ботай қазбасы да оны дәлелдеді. Түрікмендерде ақал теке бар, арабтардың таза қанды тұлпары бар, Англияда таза қанды жылқы бар. Ойлана келе қазақ жылқысының да сапасын сондай деңгейге неге көтермеске деген арман болды.

Арманының ақиқатқа айналуына Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Семейдегі Шәкәрім университетінің ғалымдары көп септігін тигізді. Олардың айтуынша, Бесқарағайдағы селекция жұмысы 1968 жылы басталған.

Қайрат Исхан, жылқытанушы:

- Жергілікті қазақ жылқысына Ақтөбенің Мұғалжар жылқы зауытынан қазақтың жабы типті айғырларын алып келеді. Бұл 70-80 жылдардың басы. Ал 80 жылдардың аяғында Шығыс Қазақстаннан Қаба типті айғырларды әкеп қосады.

Сәуле Сейілғазина, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы:

- Сол кезеңде басталған жұмыс 2022 жылы түйінделді деуге болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінен мемлекеттік комиссия келіп, қазақы жылқының жаңа типін апробациядан өткізді. Олар «Бесқарағай» жылқысының еліміздегі өзге қылқұйрықтылардан 25 процентке өнімділігі жоғары екеніне көз жеткізді.

Бесқарағай жылқысының ең басты өзгешелігі, ірілігі мен салмақтылығында. Тебіндегі айғырлары 700, биелері 600 келіге дейін тартады. «Бойының биіктігі 150 сантиметр, кеуде орамы 185 сантиметр. Бұл – жайылымда жүргендері.  Бордақыға қойса салмағы бір тоннаға дейін жетуі әбден мүмкін» дейді жылқытанушы Қайрат Исхан.

Қайрат Исхан, жылқытанушы:

- Бесқарағай типінің ерекшелігі, осы ауданға, орманды жерге бейімделген. Төлді жақсы береді. Омбы қардан өзінің қорегін таба алады. Ірілігімен, салмақтылығымен, бойының биіктігімен, тұқым беруімен ерекшеленеді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандар етті-сүтті бағыттағы Бесқарағай жылқысын еліміздің жылқы шаруашылығы саласындағы зор жетістік, тың жаңалық деп бағалап отыр. Себебі, еліміз егемендік алған отыз жылда Абай облысында жылқының бірде-бір жаңа түрі шығарылмаған.