Ұлытау облысындағы электр желісі мемлекет меншігіне қайтарылды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы электр желілері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

5 жылға жалғасқан сот процесінен кейін осындай шешім шықты. Өйткені бұған дейін иелік еткен жеке компания жаңарту жұмыстарын жүргізбеген. Тек үзілген желіні жамап отырған. Салдарынан жел тұрса, электр сымдары үзіліп, тұрғындар сағаттап жарықсыз қалатын. Жалпы аудандағы электр желілерінің ұзындығы 800 шақырымға жуықтайды. 12 қосалқы станция қызмет көрсетеді. Енді оларды толық қалпына келтіру бойынша сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жұмыс биыл басталады. 

Юржан Бекқожин, Жаңаарқа ауданының әкімі:                                       

- Қазір жасап жатқанымыз сол әр ауылдың электр желілерінің әкімдіктермен бірігіп жөндеу мәселесі, соған ақша шығару мәселесі. Қазір сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Одан әрі сараптамаға кіреді. Сараптамадан кейін біз ақша сұрап, күзге қарай ауданымыздың басынан бастап жөндеуге кірісеміз.