Қазақ тілін үйренгісі келетіндер саны артып келеді

Елімізде қазақ тілінің тегін курстарына күннен күнге сұраныс артып келеді.

Үйренемін деушілердің арасында өзге елден қоныс аударған азаматтар мен шетелдіктер көп.

Анна Гречка қазақ тілін меңгеруге ниетті. Оның айтуынша, бұрын әлеуметтік желілерде ақылы негізде ғана сабақ беретін мамандардың жарнамалары шығатын. Алайда қалтам көтермейтін, дейді ол. Сондықтан мемлекеттік тілді өз бетінше үйрене бастаған. Кейін ғаламтордағы тегін курстың парақшасын көзі шалып, бірден хабарласуға бет алыпты. Бірақ оған жазылу – оңайға соқпаған.

Анна Гречка, қала тұрғыны:

- Парақшада көрсетілген номерге бір апта бойы хабарласа алмай жүрдім. Кейін ватсап желісіне тіркелген номеріне жаздым. Ол жерден де жауап алмадым. Бірақ 10 күннен кейін олар мені тіл оқытатын арнайы топқа қосты. Шынымды айтсам, қазақ тілін жетік меңгеруге деген ойым – жүзеге аспай қалады ма деп қорықтым.

Астанада қазақ тілін үйрететін тегін курстар бар. Арнайы сабақ - қаладағы кітапханаларда өтеді. Оны жергілікті әкімдік пен «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырған. Мәселен «Сөйле» клубының өзінде мемлекеттік тілді 100-ден астам адам жетік меңгерісі келеді. Мұндағы мұғалімдердің айтуынша, курсқа келетіндердің басым бөлігін өзге елден қоныс аударғандар мен елордадағы орыстілді азаматтар құрайды.

Алуа Арманқызы, «Сөйле» клубының мұғалімі:

- Бізде қазіргі уақытта славян өкілдері және қазақ өкілдерінен басқа, қырғыз, өзбек сияқты ұлттар білім алады. Осындай қазақ тілін үйренемін деген азаматтар өте көп, осыған қатты қуанамын. Мұстафа Шоқай айтқан болатын «балаға қай тілде білім беретін болсаң, түбі сол елде қызмет етеді» деп. Менің осы мақсатым – барша оқушыларға, балаларға, зейнетке шығып кеткен кісілерге қазақ тіліңн жетік түсіндіріп, тілді дамыту.

Қазақ тілін меңгеру курсының ұзақтығы – жарты жыл. Ол аяқталған соң, оқушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Анна Гречка, бұл тұрғыда тегін білім алып жүргеніне қуанышты. Және мұндай игіліктің ғаламтордағы  барлық платформаларында жарнамаланғанын қалайды.

Анна Гречка, қала тұрғыны:

- Тегін тіл курстары – әлеуметтік желінің барлық платформасында жарнамалануы керек деп ойлаймын. Адамдардың мотивациясы болуы мүмкін. Бірақ ақылы негіздегі курстарды қалтасы көтермей жатады. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеремін деушілерге бұл таптырмас мүмкіндік.

Расымен, еліміздің барлық шаһарында тілдерді меңгеретін тегін курстар барын бірі білсе, бірі білмейді. Бұл тұрғыда ұйымдастырушылар аталмыш курстардың насихатын көбейтіп, ауқымын кеңейтсе деген тілек бар.  

 

Авторлары: Альмира Оразбай, Ақылбек Есімсейітов