Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды жазаға тарту процесі жеңілдейді

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Әйелдер құқығын қорғау жөніндегі форумда мәлім етті.

Оның айтуынша, былтыр 100 мың жәбірленушінің 60%-і өзіне қол көтерген жолдасына арыз жазудан бас тартқан. Енді қылмыстық іс қозғау немесе тексеріс жүргізу үшін арыздың қажеті болмайды. Тек телефон арқылы хабарлау жеткілікті. Тиісті заңның жобасы қазір Парламент Сенатының қарауында.

Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатаңдату қажеттігін қадап айтқан. Президенттің осы салада жүргізіп отырған күрделі реформаларын форумға қатысқан Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының өңірлік директоры Кристоф Мор да жоғары бағалады.

Айта кетерлігі, осы реформаларды жүзеге асыру мақсатында жауапты ведомство Қазақстанда халықаралық «ОДАРА» жүйесін енгізбек. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге төніп тұрған қауіп деңгейін сауалнама жүргізу арқылы анықтай алады. Бүгінгі жиынға арнайы келген Германия елінің мамандары оны қолданудағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Тұрмыстық зомбылық өте өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Өкінішке қарай, кейінгі кездері интернет пен әлеуметтік желілер арқылы отбасыда болатын келеңсіз оқиғаларға куә болып отырмыз. Кәмелет жасына толмаған бала да отбасындағы зорлық-зомбылық құрбанына айналады. Сондықтан бұл үрдісті тоқтатуға қоғам болып күш салуымыз маңызды шарт.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Біздің қызметкерлер барған кезде барып, бізге жәбірленушінің арызы қажет емес, өзі көріп. Мүмкін ұялғаннан арыз-шағым бермей отыр ма, қорыққаннан бергісі келмей отыр ма, барған кезде мән-жайын анықтап, арызсыз осындай тергеу амалдарын не болмаса тексеруге негіз болады.