БҚО-на «Дипломмен ауылға» бағдарламасының көмегі көп

Батыс Қазақстан облысында былтыр мыңнан аса жас маман туған ауылдарына оралған.

Оларға қаржылай көмек ретінде бір жолғы қайтарымсыз көтермеақы төленді. Соның ішінде 387 маманға, 1 млрд 740 млн теңге көлемінде бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. 15 жылға небары 0,1 процентпен берілетін жеңілдетілген несиенің жастардың баспана мәселесін шешуде көмегі зор.

Тарих пәнінің мұғалімі Бекболат Нығметжанов оқу орнын бітірген бойда ат басын ауылға бұрған жастардың бірі. «Еңбек жолымды туған жерім Жымпитыда бастадым. Оқушылармен жұмыс істеген өте қызықты. Оларға талапқа сай білім мен тәрбие беру басты мақсатым. Жоспарларым да аз емес»,- дейді жас ұстаз.  

Бекболат Нығметжанов, тарих пәнінің мұғалімі:
- Туған елге қызмет етуге келген соң жоспарлар өте көп. Мүмкін аудан орталығынан ҰБТ-ға дайындайтын шағын орталық ашу ойымызда бар. Мүмкін мемлекеттік гранттар ұтып қосымша айналысқымыз келеді. Нақты айтатын болсақ аудан жастарының ҰБТ-ға дайындық үшін Оралға бармай өзімізде дайындалуы оларға да бізге де тиімді болатын сияқты. 

Жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде 5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие алған. Соның көмегімен мынадай зәулім баспанаға қол жеткізді.

Бекболат Нығметжанов, тарих пәнінің мұғалімі:
- Үйдің жалпы бағасы 8 миллион болды. соны 4,5 миллион үкіметтен алдым жаңағы «Дипломмен ауылға». Қалғаны сол жинаған ақшадан қосып осындай үй алып жатырмыз. Жалпы үш 2020 жылы салынған. Көлемі 12х10. 4 бөлмелі үй, жақсы, өмір сұруге қолайлы, су, газ, свет бәрі кіріп тұр.

Бағдарлама аясында былтыр мыңнан аса жас маман ауылға оралған. 387 маманға 1 млрд 740 млн теңге көлемінде жеңілдетілген бюджеттік несие берілді. Биыл да ауылға қайтуды көздейтін 509 маманға 2 млрд теңгеден аса қаражат қаралып отыр. Мемлекеттік қолдау шараларын алған жастар ауылда кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі  керек.        

Райса Еркеғалиева, облыстық Стратегия және экономикалық даму басқармасының бөлім басшысы:  

- 2023 жылы айлық есептік көрсеткіш өзгеруіне байланысты өзгереді. Бір жылғы көтермеақы қайтарымсыз 100 еселенген аек , ал тұрғын үй алу үшін берілетін жеңілдетілген бюджеттік несие мың жарым еселенген аек. Сонда 2023 жылы ауылға келген маман 345 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алады және де 5 миллионнан астам қаражатты жаңағы тұрғын үй алу үшін кредит ретінде рәсімдеуіне болады.   

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге аса бастаған 13 жылда аймақта 8 мыңнан аса жас маман қаржылай қолдау алған. Олардың басым бөлігі білім беру саласында еңбек етіп жүр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов