Ақмола облысындағы 38 елді мекенде амбулаторлы емхана салынады

Ақмола облысындағы 38 елді мекенде амбулаторлық емхана салу жоспарланып отыр.

Ал қазір Көкшетауда 630 орындық көп салалы заманауи аурухана салу жобасы қолға алынған. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының өңірге жасаған сапары барысында айтылды. Академия мен корпорацияны аралаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы клиникалық оңалту орталығына табан тіреді. Мекеме былтыр мамыр айында ашылған. Бұл инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестік аясында 250 адамға арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Жалпы өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Дәрігер тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Осы жерде Президент медицина саласының ардагерлерімен және жас мамандарымен әңгімелесті.

Қалада 256 көп қабатты тұрғын үй бой көтереді

- Президентке Көкшетау қаласының Сарыарқа шағынауданының құрылысы да таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағынауданның аумағы – 1120 гектар. Бұл жерде 56 көп қабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.