Астанада дәрігерлер сәбилердің ішінен шар тәріздес зат алып шықты

Ойыншық жұтып өлім құша жаздады. Астанада ауруханаға түскен екі баланың ішінен дәрігерер шар тәріздес зат алып шықты.

Дер кезінде операция жасалғандықтан қазір балалардың денсаулығына қауіп жоқ. Дегенмен "орбиз" деген ойыншықтан абай болу керек екен, -дейді ата-ана.

КСМ: Жұтылған шарды алу үшін екі нәрестеге де операция жасалды.  Бірінші бөбек небәрі 11 айлық. Екіншісі 1 жаста. Әу баста балалар құса берген. Дәрігерлер оларды инфекциялық аурулар бөліміне жіберген. Тек ренгеннен кейін ғана асқазанда белгісіз заттың барын анықтап, шұғыл ота жасады. Абырой болғанда дәрігерлер екеуін де аман алып қалды.

Серік Баймолдин, №2 көпбейінді қалалық аурухананың бөлімше меңгерушісі:

- Ішек инфекциясы бойынша тексеріп, рентген арқылы шарларды жұтып қойғанын анықтадық. Жіңішке ішектің ішінде өсе бастағандықтан, құсу тоқтамады. Операция әжептеуір қиындық туғызды. Жалпы мұндай ойыншықтарды еңбектеген баласы бар ата-ана алмауы керек. Бұл өте қауіпті. Себебі, қатты үрленсе өлімге әкелуі мүмкін.

Еңбектеп жүрген баласының денсаулығы кенет сыр бергенде анасы оны тамақтан уланған деп ойлаған. Сәби бір емес екі шарды бірден жұтқан. Шар аш ішекке жабысып, үрлене түскен. Баласының аман қалғанына қуанғанымен, өзге ата-ана мұндай ойыншыққа жоламаса екен дейді.

Дариға Дәулетбай, сәбидің анасы

- Таңертең құсып бастады бала, құсқанда ойладық уланып қалды ма деп, ойыншық жұтқаннан подозрение болған жоқ. Бірінші инфекционныйға бардық , сол жақтан осы жаққа экстренно жіберді. Осында келгеннен кейін гидро гелевый шарик екенің білдік. Ол суға салғанда өседі, бізде екеу жұтып қойған бала. Үйде балалар ойнаған , содан жұтып қойды.

Ел ішінде «орбиз» деп танылған бұл түрлі түсті гидрогельді шарлар дүкендерде оңай саудаланып келген. Қауіпті бола тұра, бағасы да анау айтқандай қымбат емес. Дәрігерлер оны ойыншық емес, қауіпті зат деп отыр. Тіпті сатылымнан алып тастаса екен дейді.

Жарқынай Шарапова, сатушы:

- «Орбиз» негізінен ойыншық емес. Ол бау-бақшаға, әсемдікке арналған зат. Алайда кейбір ата-ана оны моториканы дамытуға қолданып жүр. Алған күннің өзінде бұл кішкентай балаларға беруге болмайтын дүние. Қазірде орбизді үлкен балалар көп сұрап келеді. Бірақ біз ондай ойыншық сатпаймыз.

Мамандар мұндай шарлардың өте қауіпті екендігін айтып дабыл қағып отыр. Әрі суда 100 есе өседі. Яғни бір апта бойы іште болса, ісініп, соңы өлімге әкеп соғады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Сағыныш Рахым, Арман Ақшабаев