Көкшетауда 5 студенттік жатақхана салынып жатыр

Көкшетауда 2025 жылға дейін 7 студенттік жатақхана салынады. Бүгінде соның бесеуінің құрылысы басталды.

Бірі университетке, төртеуі колледж игілігіне берілмек. Бұл аймақтағы жатақхана тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді,-дейді сала мамандары. Қазіргі уақытта бір жарым мыңнан астам студент кезекте тұр.

Бұл жергілікті студенттердің базынасы. Жатақханадағы орын жоқтығынан олар пәтер жалдауға мәжбүр. Сондықтан кейбіреуінің білім емес, баспана бірінші мәселесіне айналған.

Томирис Серікбай, студент:

- Осы универда бес жатақхана бар. Бірақ бұл осында оқитын студенттер үшін өте аз деп ойлаймын. Оның үстіне бізге келетін студенттер онтүстіктен болғасын олар міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз ету керек. Қысқасын айтқанда студенттің дамуы үшін басты мәселе жатақхана емес оқу болу керек деп есептеймін.

Орын тапшылығы колледждерде де бар. Мәселен, жоғары техникалық колледжінде 2 мыңнан астам бала білім алады. Соның тек 500-і ғана жатақханамен қамтылған. Әлі 700 студентке орын қажет. Осы мақсатта колледж жанынан 600 орынға шақталған екі жатақхана салынуда.

Нартай Ыбраев, Жоғары техникалық колледжі директорының орынбасары:

- Салынып жатқан осы екі жатақхана сол мәселені шешеді деген үміттемін. Алдағы жылдар жатақханалар пайдалануға берілгеннен кейін колледж студенттерінің санын көбейтіп, білім беру сапасын жақсарту көзделген. Жалпы студенттер үшін басты мәселе тұрғын үй. Қазіргі жағдайда пәтер жалдау өте қиын. Сондықтан жатақхана жағдайы өте ауқымды сұрақ.

Бұдан бөлек, шаһардағы екі бірдей колледж іргесінен жаңа жатақхана бой көтеруде. Ал жекеменшік білім ошақтарында жеке инвестиция үлесін арттыру көзделіп отыр.

Мұрат Тоқсанбаев, облыстық Білім басқармасының бас маманы:

- Жекеменшік жоғары көпсалалы азаматтық қорғау колледжіне 500 орынға арналған жатақхана салу жоспарланып отыр. Былтыр 1,5 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасы бекітілді. Құрылыс осы жылы басталады.  Келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, жеке инвестиция есебінен жергілікті университетте 2 жатақхана салынбақ. Біреуінің құрылысы басталды. Жалпы қос жатақхана 500 орынға шақталған. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный