Парламенттік тыңдауда ауылдарды интернет желісімен қамту мәселесі көтерілді

Еліміздегі 1320 ауылға интернет желілері жеткізілмеген. Олардың 40%-і Ақмола, Қостанай мен Cолтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Бұл туралы Сенат депутаты Серік Шайдаров парламенттік тыңдауда мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтық әлі де сақталып отыр. Бұл мәселені «Қолжетімді интернет» жобасының аясында шешу көзделген.

Серік Шайдаров: ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазіргі уақытта 1 320-дан астам ауылда мобильді интернет жоқ, оның шамамен 40%-ы 3 солтүстік өңірге – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Бұл ретте өңірлердің бөлінісінде ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету деңгейі Ұлытау облысында 55%-тен, Жамбыл облысында 94%-ке дейін ауытқиды. Үкімет бұл мәселені «Қолжетімді Интернет» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде шешуді жоспарлап отыр. Сондықтан бұл жобаны іске асыру, ең алдымен, еліміздің проблемалық өңірлеріндегі «цифрлық теңсіздікті» жоюға бағытталуы тиіс деп санаймыз.