Өскемендіктер тұрмыстық қатты қалдықтарды ақшаға өткізе алады

Өскемендіктер тұрмыстық қатты қалдықтарды өткізіп, ақша таба алады.

Ол үшін күнделікті шығаратын қоқысты сұрыптап, арнайы қабылдау бекетіне жеткізсе болғаны. Пластик, макулатура және металдың бір келісі 15-пен 150 теңге аралығында бағаланады. Егер осы эко-жобаның тиімділігі дәлелденсе, облыс орталығында тағы 10 шақты қоқыс қабылдау орны ашылмақ. Жаңа бастама жөнінде тілші баяндасын.

Людмила Евженкова – әзірге Өскемендегі жалғыз эко-блогер. Ол тұрғындарға қоқысты қабылдау бекеттеріне өткізіңдер деп әлеуметтік желі арқылы күнделікті үндеу жариялайды. Оқырмандарына жасыл жобаның артықшылықтарын айтудан жалықпайды. 

Людмила Евженкова, эко-блогер:

- Барлығы тұрғындардың санасына байланысты. Идея керемет, жұмыс жоспары айқын. Өскемендіктер қаланы таза ұстауға белсене атсалысса нәтиже болары сөзсіз.  

Экологиялық бастама халық арасында тез тарап жатыр. Кәсіпкерлер картон қағаз бен пластик бұйымдарды бұрынғыдай тау-тау қылып тастамай ақшасына өткізетін болған. Пайдаға шаш етектен кенелмесе де жеткізу шығынын жабады.  

Сергей Брославский, кәсіпкер:

- Сауда-саттық барысында картон қағаздар үйіліп қалады. Оны сақтайтын жер де жоқ. Соңғы айда бір машина қоқыс жиналып қалған еді. Шешім табылғанына қуаныштымын.

Жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар сұрыптау зауытына жіберіледі. Жаңа кәсіпорын жарамсыз қоқыстарды миллиондарға айналдырып жатыр. Мәселен мына орам ішіндегі 300 тоннадай қоқыс өңделген кезде 30 миллион теңге пайда әкеледі екен.   

Дәурен Молдамсейітов, сұрыптау зауытының инженері:

- Бұл зауыттағы желінің жұмыс істеу процесі 10 сағат. 2 кезек, әр кезекте 20 адам жұмыс істейді. Қазіргі таңда біз желіден 90-100 тонна өткізіп жатырмыз. 

Экологтардың айтуынша республика бойынша жылына 5 миллион тонна қалдық жиналады екен. Оны тасымалдауға шамамен 5 мың темір жол контейнері қажет болады. Жалпы 2030 жылға таяу елдегі тұрмыстық қатты қалдықтардың 40%-і өңделеді деген жоспар бар. Ал әзірге  ол көрсеткіш 20%-ке де жетпей тұр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин