Бесқарағайлық шебер 20 мыңнан астам домбыра жасады

Долон ауылының тұрғыны Болат Шаманбай 30 жылдан бері ұлттық аспап жасап келеді. Оның қолынан шыққан дүниелер ауыл-аймақтан асып, шетелдерге де таралған. Алыстан аттай қалап алдырып жатқандар көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Болат Шаманбай кезінде гитара да құрастырған. 1993 жылдан бері тек домбыра жасап жүр. Негізгі мамандығы – темір жонушы. Арнайы музыкалық білімі жоқ. Соған қарамастан оның қолынан шыққан ұлттық аспапқа сұраныс жоғары. Шебердің есептеуінше, 30 жылда шамамен 20 мыңнан астам домбыра шапқан.

Болат Шаманбай, шебер:

- Бір жылы Семейдегі Абай музейінен хабарласты. Сонда ұлы ақын Абайдың әкесінің домбырасы бар екен. Соның көшірмесін жасап бердім. Музейде болуы керек.

Болат Шаманбай – Бесқарағай ауданындағы домбыра жасайтын жалғыз шебер. Содан болар, бұл өңірдегі білім ошақтары мен өнер мектептерінен жиі тапсырыс түседі.

Аманғайша Қалиева, Бесқарағай балалар өнер мектебінің мұғалімі:

- Бесқарағай қарағайлы мекен ғой. Шайырлы келеді. Шаманбай ағаның домбырасының үні де ағашқа байланысты. Ол кісінің жасаған домбыраларын ауданда, облыста ғана емес, республикалық сайыстарда қолданып жүрміз.

Қазір шебер екі көмекшісімен бірге айына 30-ға жуық домбыра жасайды. Тапсырыс көп болған соң күні-түні тыным таппайды. «Талай домбыра жасадым ғой. Тіпті Американың Санта Барбара қаласынан келген турист менің домбырамды алып кетті», - дейді ол. 

Болат Шаманбай, шебер:

- Бір жылы сол жақтың шақыруымен Қытайға бардым. Өзіммен бірге 10 шақты домбыра апардым. Талап алып кетті. Көрсетуге де қалған жоқ.

Қазір Бесқарағай ауданында домбыраға құмар өрендердің қатары көбейіп келеді. Аудан орталығындағы өнер мектебінде 2000 жылы домбыра сыныбы ашылыпты. Мұнда бүгінде 60 оқушы ұлттық аспаптың қыр-сырын меңгеріп жүр. 

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.