Қостанай облысында жылу желілері жаңғыртылады

Қостанай облысында жыл сайын 25 шақырым жылу құбыры жаңғыртылады.

Бұл мақсатқа 50 миллиард теңге бөлінеді. Маусым айына дейін, жылумен қамту нысандары технологиялық тексеруден өтеді. Облыс орталығының өзінде бұрын мұндай профилактикалық шара жүргізілмеген. Аймақ қалаларындағы жылу құбырының 64 проценті ескірген. Әсіресе Рудныйда бұл мәселе өзекті. Жылыту маусымында төрт коммуналдық апат болып,  жергілікті деңгейде төтенше жағдай енгізілген еді. Билік өкілдері құбырлардың жарылуына жылу орталығындағы температураның сақталмауы себеп деген шешімге келді. Қаланың тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығында жыл соңына дейін 13 нысан жөнделеді деген жоспар бар.

Дәурен Асқаров, Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- Облыста сегіз жоба бойынша жылу желілерін қалпына келтіреміз. Оларды жүзеге асыру арқылы тозығы жеткен жүйелердің 2 проценті жаңартылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  алдағы жеті жыл ішінде ескірген жылу жүйелерін 40 процентке дейін азайту көзделген.