Елордалық дизайнер ерекше кескінді инсталляция жасап жүр

Елордалық дизайнер ерекше кескінді инсталляция жасап, көпті таңғалдырып жүр.

Оның қолөнер туындылары, әсіресе, мейрамханалар мен көрмелерге жиі қойылады. Шеберге өзге мемлекеттерден де түрлі ұсыныстар түскен. Шетелдіктерге отандасымыз ертегідегі күймелерді жасау арқылы танылды. Тіпті британдық Daily Mail газеті бұған қызығушылық танытып, мақала жазды.

Ісмердің шеберханасында ерекше сұлбалы мүсіндер мен мультфильм кейіпкерлері бар. Мәселен, сегізаяққа ұқсайтын бұл мүсін «Даладағы би» деп аталады. Мұнда адамдар бір уақытта қозғалады, сол мезетте олардың көлеңкелері біртұтас денеге айналады. Жалпы, шебердің шығармашылық қиялы шексіз. Ол әуелі өз туындысын ойша дамытады. Әрі қарай компьютерге салып, сызбаны қозғала алатындай етіп дайындайды.

Әнуар Шаймергенов, шебер:

- Біз бала кезімізде бұлттарға қарап, жан-жануарды табуға тырыстық ғой. Менің жұмысым да осыған ұқсайды. Кез келген келісті кескінді қарап, қиялымда соны дамытамын. Тіпті қарапайым жиһаз немесе өзге де үй жабдықтарынан ерекше туындылар шығаруға болады. Осының бәрі ойымда қортылып, сараланады. Содан кейін идеямды іске асырамын.

Әнуар ерекше өнерді 3 жыл бұрын үйренді. Бұған шетелдік шеберлердің еңбектері себеп болды. Алғашқы туындысын небәрі 2-3 күнде жасап шыққан. Мүсінді құрастыру кезінде шебер түрлі материалдар қолданылады. Оның ішінде ағаш, металл, пластик, шыны және тас бар.

Әнуар Шаймергенов, шебер:

- Қалақша тәріздес екі материалды іліп қойдым. Қарапайым адамға бұл жай болмашы дүние болып көрінуі мүмкін. Бірақ, мен үшін оның құндылығы бөлек еді. Жарты күн бойы соған қарап, сүйсініп отырдым. Кейін толықтай жинап біткенімде, шынымен әдемі туынды пайда болды. Сол сәтте мен әрі қарай немен айналысатынымды түсіндім.

Осылайша, шебер өз қызығушылығын кәсіпке айналдырды. Қол астында бірнеше қызметкері бар. Шеберханадан шыққан туындылардың ең арзаны 3 миллион теңге тұрады. Мұндай өнер – қазақстандық нарыққа енді келіп жатыр. Сондықтан оның құндылығын әзірге ешкім түсіне қоймайды дейді Әнуар. Дегенмен, сұраныс артып келеді. Әсіресе, мейрамханалардан түсетін ұсыныс көп.

Сұңғат Әнуарбеков, шығармашылық орталықтың менеджері:

- Кезекті көрмені өткізген соң, жергілікті дәмханадан хабарласып, қызығушылық танытты. Олар ашылуға дайындалып жатыр екен.  Біздің туындыларды әлеуметтік желі арқылы көргенін айтып, ұсыныс тастады. Келістік, кейін дәмхана ашылған соң, сол жерге барған тұрғындар біздің туындыны суретке түсіріп, желіге жүктей бастады. Осылайша, олардың да танымалдылығы артып, келушілер саны көбейді.

Енді шебер өз туындыларын халықаралық көрмелерге шығаруды жоспарлап отыр. Шетелде Қазақстанның креативті индустриясын танытуға білек сыбаны кірісуге дайын. Тіпті, жоспардың алғышарты орындалып қойды.  Әнуар өз командасымен Мәдениет және спорт министрлігімен байланысып жатыр.

Авторлары: Бекзат Аманов, Әзиза Зақымбаева, Жандос Битабаров