Алматыдағы «Алтын Орда» базары сауда-логистикалық орталыққа айналады

Алматының батыс қақпасындағы әйгілі «Алтын Орда» базары 2025 жылға дейін түгел жаңартылып, әмбебеп сауда-логистикалық орталыққа айналады. Бұл жөнінде базар басшылығы еліміздің Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевпен болған кездесуде айтты. Жаңартудан бөлек ендігі жерде ашықтық пен баға тұрақтылығы да назарға алынады.

2000 жылдардың басында Алматының іргесінен ашылған базар төңірегінде талай әңгіме болғаны рас. Қаңтар оқиғасынан кейін базар иесі ауысты. Былтыр Мемлекеттік кірістер комитеті мұнда тексеру жүргізіп бұрынғы қожайындарының салықтан жалтарып келгенін анықтаған. Сатушылармен жүздескен Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары базардың жаңартылатынын, бірақ көлеңкелі бизнеске жол берілмейтінін жеткізді. Салық түсімдерін арттырып, отандық тауарлардың нарыққа тікелей шығуын қамтамасыз ету мәселесі де сөз болды.  

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі:

- Біріншіден, біз келістік, жоспар дайындаймыз. Ол жоспардың ішінде 3 басты мәселе. Біріншіден, ол ашық сауда, көлеңкесіз. Екіншіден, мына модернизация жағынан. Біз білеміз, заң бойынша 2025 жылға дейін бұл тиісті шаралар қабылдау керек, модернизация жағынан. Бізге әкімшілік жағынан көрсетілді, не істейді бірінші ретінде, екінші ретінде. Ол түсінікті. Үшіншіден, мына бағаларды тұрақтандыру.   

Бағаны тұрақтандырудың басты жолы өз өнімдерімізді сыртқа шығармастан бұрын, алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп алуымыз керек, - деді Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары Арман Шаққалиев. Алдағы 2 жылдың ішінде елімізде 400 мың тонналық сақтау қоймалары салынып, шаруа қожалықтарына субсидия мен 8%-тік жеңілдетілген несие берілетінін де тілге тиек етті. «Алтын Орда» базарын аралап шыққан бірінші вице-министр жаңарту жұмыстарын мерзімнен кешікпей аяқтау керектігін тапсырды. Қазір жаңа 2 сауда павильоны қолданысқа берілсе, үшіншісінің құрылысы әлі жүріп жатыр. Яғни, 2 тжылдан кейін саудагерлер мен сатып алушылар қазіргідей су кешіп жүрмейді.   

Данияр Әлпиев, базардың бас директоры:

- Енді күн жылыған соң үшінші павильонның құрылыс жұмысы қыза бастайды. Одан кейін жүк көліктеріне арналған тұрақты саламыз. Қазір бірінші павильонда 600 адам жұмыс істесе, екіншіде 1110 адам сауда жасайды. Орталықта саудагерлер мен тұтынушылардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Жылу-желдету жүйесі іске қосылған. Радиостанциялық жүйе де жұмыс істеп тұр. Барлық сауда нүктелеріне заманауи үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылған.  

Министрлік өкілі өзге де базар иелерімен кездесіп қордаланған сұрақтарды талқылады. 2025 жылдың соңына дейін елімізде 68 базарды жаңғырту міндеті тұр. Оның 18-і республикалық маңызы бар қалаларда, ал 50-і басқа өңірлерде орналасқан.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов.