Ақтауда ғасырмен құрдас тыл еңбеккеріне алғыс айтылды

Ақтау тұрғындары 101 жастағы зейнеткердің үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Қанаш Жарылғасова санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының ардагері. Соғыс жылдары тылда еңбек етіп, жұбайымен бірге 9 бала өсірген аяулы ана. Сұрапыл соғысты көрген отағасы өмірден озған.

Қанаш Әбілқасымқызы 1922 жылы Ұштаған ауылында өмірге келген. Арнаулы оқу орнын аяқтап, Маңғыстау ауданында Ильич деп аталған кеңшарда санитариялық-бақылау бөлімшесінде зейнетке дейін жұмыс істейді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Ыстыбай Жарылғасұлы есімді жауынгерге тұрмысқа шығып, 6 ұл бен 3 қыз тәрбиелейді. Қазір олардан тараған 155 ұрпағының қызығын қызықтауда.   

Қанаш Жарылғасова, қала тұрғыны:

- Менің жасымды берсін. Еліміз аман, тыныш болсын. Балаларымыз аман болсын. Мүдірмесін, бәрінің де ойлағаны болсын.

Қарттығына қарамастан қарияның санасы сергек, қимылы ширақ. Тек есту қабілеті сәл нашарлаған. Ақтаудағы кенже ұлының қолында тұрады. Жақындары әжейдің ұзақ жасқа шығуын үй шаруасымен үнемі қозғалыста болып, шұбатты жиі ішуімен байланыстырады. 

Жамиға Тілегенова, әжейдің  келіні:

- Қазірде тамақ ішкенде, менің қолымда ғой енді. Міндетті түрде таза бір стақан шұбат ішеді. Бірде құлап қалған еді, мен сынған шығар деп едім. Дәрігерлер жоқ, бұл кісіде кальций өте көп екен деп айтты. Сонымен жазылып кетті. Осы күнге дейін бұл кісінің бір басы ауырса давлениесін өлшейікші десек. Жоқ, қысымы. 

Амангүл Жайылханова, қала тұрғыны:

- Үлкен кісіден бата алуға және де осындай керемет ұрпақты дүниеге әкеліп, біздің Қазақстанның дамуына үлкен үлесін қосып жатырған бала-шағасы үшін алғысымызды білдіруге келдік. Анамызға денсаулық тілейміз.

Жарылғасовтар жанұясы сұрапыл соғыс жылдары ауылда қалған жетім-жесірге мүмкіндігі жеткенше көмектесіп келген. Қайырымды азаматтардың өзгелерге қамқорлығы әлі күнге дейін ел аузында. Қанаш әжей отырған үлкен шаңырақтан қонақ үзілмейді.   

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев