Петропавлда қалалық Мәдениет үйі қайта жөнделді

Петропавлда қалалық Мәдениет үйі қайта жөнделді.

Бір жыл бұрын мұндағы көрермен залының төбесі опырылып түскен еді. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.

Кішкентай қыздардан құралған бұл топ – «Тұмар» би ансамблі. Бір жылдан астам уақыт олар жалдамалы ғимараттарда дайындалуға мәжбүр болды.  Нысан жөнделіп, балақайлар  жаңарған кабинеттеріне оралды.

Елена Галеева, хореограф:

- Мәдениет үйі жабылғанда, сабақтар тоқтаған жоқ. Алғашында қала мектептерінің бірінде дайындалдық. Одан кейін екінші зал тауып, сонда ауыстық. Әрине аздаған қиындықтар болды. Себебі екі нысан да алыста орналасқан. Кейде балалар кешігіп жатты. Оның үстіне кастюмдерімізді де өзімізбен бірге  тасып жүру керек болды.

Өткен жылдың ақпан айында көрермен залының төбесі құлап кетті. Ғимарат 1931 жылы пайдалануға берілгендіктен, әбден тозған. Техникалық сараптама жүргізіліп, ол апаттық деп танылды. Артынша 27 шығармашылық ұжыммен 600-ге жуық бала, жалдамалы нысандарды паналауға мәжбүр болды. Ал көне ғимаратты қайта қалпына келтіруге 115 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Карина Швеглер, қалалық мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы:

- Болашақта тағы бірнеше үйірме ашылады. Ол үшін мәдениет үйінің аумағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Тиісті жобалық-сметалық құжаттарды былтыр әкімдікке ұсындыұ. Ол мақұлданды. Сондықтан алдағы жоспарымыз ауқымды.

Жалпы биыл Солтүстік Қазақстан облысында 12 мәдениет нысаны жөнделеді. Бұл мақсатқа 873 миллион теңге бағытталмақ. Қаржының басым бөлігі «Ауыл –ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінбек.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков