Жетісу облысында еңбегімен ел ықыласына бөленген жан тұрады

Еңбегімен ел ықыласына бөленген жан.

Жетісу облысының Панфилов ауданында тұратын Күләш Айтжанованы ел жұрт осылай деп атайды. Жастайынан масақ теріп, қой қырқып, ұзақ жылдар бойы жүгері өсірген қазақтың қайсар қызы, жүктелген жұмысты ұршықша иіріп, үнемі өз қатарының алды болды. Еселі еңбегі бағаланып 32 жасында «Еңбек ері» атағы берілді.  Бүгінде ел анасы атанған Күләш Айтжановамен аймақтағы тілшіміз Шыңғыс Қалиден тілдесіп қайтты.

Күләш Айтжанова саналы ғұмырын дала аруы атанған жүгері өсіруге арнады. Содан болар күні бүгінге дейін өсімдік атаулыға жаны құмар. Үйі гүлге, ауласы жасыл желекпен көмкерілгені соның дәлелі. Сексеннің сеңгіріне шықса да оның бәріне өзі күтім жасайды. Себебі еңбекті өмірлік ұстанымына айналдырған. Ел анасының балалық шағы соғыс жылдарына тұспа тұс келіп, ауыр жұмысқа ерте араласты. 13 жасынан бастап ерлермен иық тіресе еңбек еткен. Кейін бір қойды үш минутта қырықтым, дейді кейуана.

Күләш Айтжанова, Еңбек Ері:

- Қой қырқу деген ол өте ауыр жұмыс. Ерлердің жұмысы содан жығылып сүрініп жүріп елдің алдына шықтым. 15 жыл қой қырықтым. Сезон кезінде ғана. Ал 57 жылдан бастап жүгерімен айналыстым. Сонда мен 40 неше жыл кетпен шаптым. Сол еңбегімнің арқасы халқымның қолдауы, Алланың берген дәулеті шығар 32 жасымда кеудеме мынаны тақтым.

 Күләш апа төсіндегі медальдің екі тармағы енелерімдікі, біреуі жолдасыма тиесілі, қалған екеуі өз еңбегім деп біледі. Қырық жылдан аса отасқан жарымен ол екі қыз тәрбиелеп, үлгілі отбасы бола білді. Ел анасы бүгінде аймақта өтетін қоғамдық шараларға жиі қатысады. Өскелең ұрпақты елжандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге ат салысып келеді. Реті келгенде өзекті мәселелерді көтеруді де ұмыт қалдырмайды.

Күләш Айтжанова, Еңбек Ері:

- Ең қажеті балапандарды дұрыс тәрбиелеу үшін жақсы мектеп керек. Екінші  соларды жаздық каникулда демалатын лагерь керек. Балалар үшін, артымыздағы ұрпағымыз үшін. Ал одан кейін мына жақсы больница дейміз ғой сол керек. Жастар елін, жерін қадірін білсін, адалдық тазалыққа  бауырмалдық керек.

Өмірі еңбекпен өрілген Күләш Айтжанова бүгінде ел жұртының  ыстық ықыласына бөленіп отыр. Салтанатты жиындарға шақырылып, 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесінде де ел анасына айрықша құрмет көрсетіледі.

Толқын Ерболқызы, Аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Күләш апамыз бізге үлгі өнеге. Өзінің жастайынан еңбек ері атанып, еңбегінің бәрі осы ауыл шауашылығына арнған. Нағыз қазақ елінің қазақ қыздарының нағыз эталоны деп айтуға болады. Бұл кісіден алып жатқан тәлім тәрбиеміз көп. Біздің мақтанышымыз.

«Еңбек ері» Күләш Айтжанованың балалығы ауыртпалықпен, жастығы еңбекпен өтті. Бейнетінің зейнетін көріп отырған ел анасының ендігі тілегі -  елінің азаттығы, халқының амандығы.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев