Ақмолалық ару электр қозғалтқыштарын жөндейді

Ақмолалық ару электр қозғалтқыштарын жөндейді. Үш жыл ішінде 300-ден астам қозғалтқышқа жан бітірген.

Техниканың тілін де әбден меңгеріп алған. Тіпті салмағы жарты тоннадан асатын қондырғыны ешкімнің көмегінсіз ақ көтеріп, бұзып, қайта кұрастыра береді.

Диана Московенко - білікті электромеханик. Ол осы уақытқа дейін көптеген электр қозғалтқыштарын жөндеп шыққан. Бұл қабілет оған әкесінен дарыпты. Диана бала күнінен техникаға ынтық болғанын айтады. Сол себепті  ол ойланбастан электромеханик мамандығын таңдаған.

Диана Московенко, электромеханик:

- Колледжге келгенде маған көптеген мамандық ұсынды. Оның ішінде қаржыгер, аспаз, технолог, есепші деген сияқты. Бірақ мен электомеханикті таңдадым. Оқуымды тәмәмдағасын, бірден осы жерге жұмысқа орналастым. Алғашында менің тәлімгерім болды. Ол кісі 3 айда маған көп нәрсе үйретті. Кейін қозғалтқышты қолыма берді де, менің жөндеуімді талап еті. Бастапқы кезде қорқыныш болды. Бірақ қазір үйреніп кеттім.

Нәзік жанды ару кез-келген жұмысқа білек сыбана кіріседі. Бір қызығы, ол тек қозғалтқыштарды ғана емес, генератордың да  тілін біледі. Ал жөндеуге қажет құрылғыларды  аса ептілікпен қолданады.

Диана Московенко, электромеханик:

- Бұл мамандыққа кез-келген ару бара қоймасы анық. Себебі, бұл жұмысты көбі ер азаматтардікі деп қабылдайды. Мен келген кезде де бәрі таңырқап қарағаны есімде. Бұл маған берілген ерекше қабілет деп есептеймін.

Диананың ерекше қабілетін әріптестері де жоғары бағалайды. Өйткені ол  техникаларды жөндеу орталығындағы жалғыз бұрымды. Көктемгі және күзгі егіс науқанында оның жұмысы тіптен еселене түседі. 

Владимир Богданов, бас инженер:

- Ол бізде өте жауапты қызметті атқарады. Өйткені маусым кезінде бір техниканың қозғалтқышы істен шықса, жұмысқа зардабын тигізеді. Сол себепті оны уақытылы жөңдеу маңызды. Ал бұл ретте Диананың еңбегі орасан. Ол өзіне жүктелген міндетті аса жауапкершілікпен орындайды.

Кейіпкеріміз осымен тоқтап қалмақ емес. Керісінше, алдағы уақытта осы ісін жандандыруды көздейді. Яғни біліктілігін арттырып, жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко