Светлана Луганова отбасымен «АрселорМиттал Теміртауда» қызмет етеді

Қоғамның қай саласында болмасын ауыр әрі қиын мамандықтарды меңгеріп, ерлермен бірге иық тіресіп еңбек етіп жүрген арулар аз емес.

Отбасында аяулы жар, мейірімді ана, ал жұмысына келгенде өте тиянақты нәзік жандарды қазір зауыт қабырғасынан да көптеп  кездестіресіз.

Солардың бірі - «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорынында жұмыс істеп жүрген Светлана Луганова.

Светлана Луганова, өмірін өндіріспен байланыстырамын деп ешқашан ойламаған. Мектептен кейін педагогикалық училищені тәмамдап, бірнеше жыл бастауыш сынып мұғалімі болып, бала тәрбилеген. Дегенмен бұл мамандық жанына жақын болмапты. Қазір ол «Арселормиттал Теміртау» кәсіпорында ерлермен бірге иық тіресіп еңбек етіп жүр. Бұл жерден табан аудармағанына - 30 жылдан асқан. 

Светлана Луганова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкері:

- Мектепте қағазбастылық, жоспар құру сияқты шаруалар тым көбейіп кетті. Ал жолдасым осы комбинатта еңбек етіп жүріп, мені қаңылтыр шеберханасына шақырды. Ол 1992 жыл болатын. Алғашында әрине қорқыныш болды. Дегенмен қазір өндіріс ошағы екінші үйімдей болып қалды.

Бүгінде бұрымдылар араласпайтын сала жоқ. Ерлердің өзі тәуекел ете бермейтін кәсіпті игеріп алған аруларды көргенде тәнті боласың. Кейіпкеріміз де дәл сондай жан. Нәзік иыққа түскен жүк ауыр болғанымен, ешқашан  мойымаған. Бастысы жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды.  Айта кету қажет Светаланның баласы да осы комбинатта жұмыс істейді. 

Светлана Луганова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкері:

- Біздің цех негізінен ақ қаңылтырларды шығарады. Дайын өнімді, орау және діттеген жерге жөнелту менің тікелей міндетім. Ол үшін арнайы есеп жүргіземін. Бастысы саннан қателеспеуім керек. Кейін барлық ақпаратты компьютерге енгіземін. Бұл жерде асқан жауапкершілік қажет.

Елдегі алпауыт кәсіпорынында бүгінгі күні 10 мыңға жуық бұрымды еңбек етеді. Үйде аяулы ана, сүйікті жар, шаңырақтың ұйтқысына айналған арулар бастысы міндеттерін жауапкершілікпен орындайды.

Авторы: Самат Қайырденұлы