Шымкентте базарларды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр

Кәсіпкерлерге сауда орындарының қасбетін қалалық сәулет құрылысына сәйкестендіріп, тұтынушыларға қолайлы жағдай жасау үшін тағы 3 жыл уақыт берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһарда бұл тізімге азық-түлік пен киім-кешек саудасын қыздырған 19 сауда нысаны енген. Олар өрт қауіпсіздік ережелерін сақтап, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға баса мән беруі керек.

Сондай-ақ сауда нүктелерінің заманға сай жабдықталуы мен базар аумағын күтіп ұстау жүктелген. Тиісті заңнама талаптарының орындалуын тексерген мамандар біршама кемшілікті анықтады. Кейбір базар әкімшісіне хаттама толтырып, айыппұл салды.

Дегенмен жаңғырту бағдарламасы аясында 14 базарға күрделі жөндеу толық жүргізілген. Тағы 5 сауда кешенінде қосымша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Береке Дүйсебеков, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Қаржыландыру мәселесінде кішкене қиыншылықтар туындап жатыр. Себебі бұрын «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар еді. Қазіргі таңда оны бағдарлама шеңберінен алып тастады басым бағыттардан. Сол себепті ол кәсіпкерлерге кішкене қиындық туындап жатыр. Дегенмен бұл базарлардың барлығында бүгінгі таңда модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр.