Тасқынға тосқын: 138 елді мекен бақылауда

Батыс Қазақстан облысында көктемгі тасқынға тосқын шаралары шеңберінде 138 елді мекен, сондай-ақ 128 автожол мен теміржол учаскесі бақылауға алынды.

Мамандардың мәліметінше, өңірдің 76% аумағында әлі қар жамылғысы сақталып тұр. Елді мекендерден 300 мыңнан астам текше метр қар мен 8 мың текше метр су шығарылып, 70 шақырым канал тазартылған. Әйткенмен су басу қаупі сейілмей тұр. Өлеңті, Жымпиты, Шыңғырлау және Деркөл өзендерінің су деңгейі арнасынан асып кетуі мүмкін. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Аудандарға көмекке баратын қосымша жедел топтар жасақталды. 280 оқшаулау пункті дайын. Бұған қоса, облыстағы барлық мемлекеттік орган, еріктілер мен сарбаздар біркүндік акцияға жұмылдырылып, нәтижесінде тағы 13 мың текше метр қар шығарылды. Бөгеттер бекітіліп, өзендер жағалауындағы қамыс шабылған.

Ернұр Өтегенов, облыстық ТЖД басшысы:

- Өзендерде мұз тұр. Деркөл, Шежін-2 өзендерінде судың мұздың бетіне шығу жағдайлары бар. Сол бойынша қазір бақылауда ұстап отырмыз. Бәйтерек ауданы қазіргі қар жамылғысын есептесек, Шаған, Деркөл өзендерінің суын есептесек, бұл су тасқынына ең қауіпті елді мекенге жатады. 700-ден астам техника, 200-ден астам мотопомпалар, инерттік материалдар, т.б техникалар жасақталды.