Енді елдегі құрғақшылықты ерте болжауға болады

Бұдан былай елдегі құрғақшылықты ерте болжауға болады. Бұл әсіресе агро сала үшін тиімді.

БҰҰ Даму бағдарламасы Жапония үкіметімен бірлесіп «Қазгидрометке» құрғақшылықты болжау мен алдын алу жүйесі енгізілген есептеу жабдықтарын тапсырды. Аталған жүйе сағат сайын келіп тұратын өте ауқымды файлдарды бір ізге түсіріп, алынған сынамаларды жедел оқуға жол ашады. Сондай-ақ мұнда ауа райын ерте болжау әдісінің барлық түрі біріктірілген. Енді осы жүйеге сай бағдарлама жасалып, ол жетілдіріліп отырады. Соның нәтижесінде бұрын құрғақшылықты шамамен 1 ай бұрын болжау мүмкін болса, енді одан ерте анықтау мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы климатқа тәуелді екенін ескерсек, агро-метео қызметтің дәл болуы - аталған саладағы тәуекелдерді азайтуға ықпал етеді дейді мамандар.

Лоенко Нонна, «Қазгидромет» РМК Агрометеорологиялық мониторинг департаментінің директоры:

- Өте жоғары жылдамдықты компьютерлер мен серверлерік құрылғылар бар. Ол бізге агро саладағы құрғақшылықты анықтаудағы жобамызды одан бетер жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Аталған жүйе аса дәлдікпен есеп жүргізіп, барынша нақты жорамал жасауға жол ашады. Себебі Қазақстан үшін құрғақшылық мәселесі өте өзекті екені жасырын емес.