Шымкентте ұнды өткізу кезінде ақша ұрлау фактісі анықталды

Шымкентте 3000 тонна ұнды өткізу барысында аса ірі мөлшерде ақша ұрлау фактісі анықталды. Мұны Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Заңсыз әрекеттен 68 млн теңгеден астам залал келген.  Агенттіктің осы өңірдегі департаменті «Шымкент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Шымкентте әлеуметтік маңызы бар тауарларды, оның ішінде 3000 тонна 1 сұрыптағы ұнды өткізу барысында аса ірі мөлшерде ақша қаражатын ұрлау фактісі анықталды. ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлері «Шымкент ӘКК» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді. Қалалық МІАД аудиторының қорытындысына сәйкес келтірілген залал сомасы 68 млн 800 мың теңгені құрады.