Қазақстандық тұтынушыларға 247 млн теңге қайтарылды

Қазақстандық тұтынушыларға сапасыз қызметтер мен тауарлар үшін 247 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл –соңғы 1 жылдағы клиенттерге келтірілген шығын көлемі. Ұлттық тұтынушылар лигасына бір жылдың ішінде 4 мыңнан астам адам шағым түсірген. Бұл жөнінде бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.

Арыздардың ең көбі сапасыз құрал-жабдықтарды сатушылардың үстінен жазылған. Бұл барлық шағымдардың 32%-іне тең. Тұтынушылардың 14,5%-і электронды сауда саласына көңілі толмайды екен. Ал 12,5% тұтынушы қызмет көрсетуге жасалған шарттарды орындамағандарға шағым түсірген. Сондай-ақ жиһаз бен медицина саласына да уәж айтушылар аз емес.  Шағымдардың 99%-і Ұлттық тұтынушылар лигасының көмегімен сот арқылы шешімін тапқан.

Светлана Романовская, Ұлттық тұтынушылар лигасы РҚБ президенті:

- Біріншіден, қазір Алматыда тауарлардың 30%-тен астамы қолдан жасалады.  Ақша үнемдеу үшін тұрғындар арзанырақ тауарларды сатып ала бастады. Қолдан жасалған тауарларды ешкім бақылап отырған жоқ. Сондықтан неден жасалғанын білмейміз. Бұл – өте күрделі мәселе. Бұдан өзге әуе қатынасы мен туристік қызметтерге қатысты тұтынушылардың үлкен наразылығы бар.